Жәнібек Оразалы: «Мультфильм — келешекке құйылған инвестиция»

Қазақ анимация өнері мен ұстанған бағыты туралы анимациялық фильмдердің режиссері, көптеген жобалардың авторы Жәнібек Нұрбекұлымен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

Жәнібек Нұрбекұлы, сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін көп рахмет.  Өзіңізбен жиі сұхбаттасуға мүмкіндік бола бермейді. «JAS ÓNER» журналының оқырмандарына да қызық болар, анимация өнеріне қалай келдіңіз?

Мен бала кезімнен мүсінші болуды армандайтынмын. Әсіресе, сурет салуға құштар болдым. Мектепті бітірген соң, 2004 жылы барлық салған суреттерімді алып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының анимация бөліміне оқуға түстім. Әмен Қайдаров  бізден емтихан қабылдап, кейін жетекшіміз болды. Бір ай оқығаннан кейін аңсаған мамандығымда оқып жатқаныма көз жеткіздім. Оны достарыма да қалжыңдап: «Бұл мамандықты мен таңдаған жоқпын, Алла маған өзі таңдап берді», — деп.

Биыл Әмен Қайдаровтың туғанына 100 жыл толып отыр. Ол кісінің киномотографиға қосқан үлесін айта кетсеңіз.

Әмен Қайдаровты қазақ анимация өнерінің атасы дейміз.  Өйткені,  Әмен атамыздың еңбегі мен өнерге деген жанашырлығының арқасында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында анимация режиссурасы мамандығы, кейін «Қазақфильмде»  академиялық анимация киностудиясы ашылды. Атамыздың салып кеткен жолының арқасында «Қазақфильм» киностудиясында, мемлекеттің тапсырысымен, анимациялық фильмдер түсіріле бастады. Осының бәріне тікелей себепкер — Әмен атамыз. Ол — шебер режиссер, жанашыр ұстаз.

Ол кісіні дарынды ұстаз деп айтып кеттіңіз. Сол туралы айта кетсеңіз.

Ия, Әмен атамыз тек қана дарынды ұстаз ғана емес, ол өте талантты режиссер. Әр дәуірдің таланттары топ-тобымен келеді демекші, ол Нұрғисса ағамызбен қоян-қолтық жұмыс жасады. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» анимациялық фильміндегі көркем шеберлік тұстары әлі күнге дейін өз биігінен түскен жоқ. «Ақсақ Құлан» болсын, «Қожанасыр құрылысшы» болсын, осының барлығы оның режессурадағы шеберлігінің айқын дәлелі. Ол 1976 жылы анимациялық кино саласындағы, Walt Disney сияқты әрбір елдегі майталман мамандарды жинап, Алматы қаласында халықаралық анимациялық форум өткізді. Бұл сол кездегі Қазақстандағы анимациялық киномотографияның қандай деңгейде болғанының көрінісі. Оның көшбасшы болып, туын ұстап жүрген, Әмен Қайдаровтың іскерлігінің арқасы деп білеміз.

2009 жылы диплом алған кезде Әмен атамыз ауырып жатыр екен. Көңілін сұрап шығайық, әрі кетсе 10-15 минут боламыз деп курстастар болып барғанбыз. Онымен ол кездесу 2 сағатқа созылды. Өткен, кеткен естеліктерді еске алып, Әмен ағамыз көзіне жас алып, бізге батасын берді.

Қазақ ұлттық өнер университетінде анимация өнері бойынша сабақ бересіз. Ұстаздық жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.

Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде алғашқы аниматорларды Адай Әбілдинов екеуміз қабылдадық, көптеген шәкірттерді тәрбиеледік. Мейіржан Сандыбай, Сақиолла Қасиет, Әділбек Баян және көптеген түлектеріміз бүгінде Әмен атамыз көрсетіп кеткен сара жолмен жүріп келеді. Түлектеріміз жыл сайын фильмдерін шығарып, үлкен жетістіктерге жетуде. Бұл — біздің түлектеріміздің біліктілік деңгейінің жоғары екендігінің белгісі. Яғни, кәсіби білім сапасының, білімге деген талаптарының арқасында қазақ анимация өнері одан әрі дамып, шет елдерге де шығып жатқанын көріп отырмыз. Соңғы жылдардағы шәкірттеріміз-Әмина, Гүлнұр Қажыбек, Салтанат, Алтынай деген шетелдегі анимациялық фестивальдардан алдыңғы орындағы жүлделерді алып жүр.

Керемет жаңалықтар екен. Қазақ  ұлттық университетінде анимация мамандығы бар дедіңіз. Тағы қай оқу орындарында осы мамандық бар?

Анимациялық режиссура мамандығы бойынша, қазіргі таңда, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, колледжінде, Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы колледжде шәкірттер тәрбиеленуде. 

Шетелдегі қай оқу орындарын атап айтар едіңіз?

Анимация саласы негізінде Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және Жапон елдеріндегі оқу орындарын атап өтсек болады. Анимация мамандығы бойынша, «Болашақ» бағдарламасы арқылы, шет елге оқуға түсуге мүмкіндіктер көп. Көптеген студенттеріміз осы мүмкіндіктерді пайдаланып, бойындағы таланттарын шыңдап жатыр. 

Қазіргі уақытта қазақ анимация өнері қалай дамуда?

Қазақ анимация өнері жыл сайын жетілуде. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосатын фильмдер, сериалдар көбейіп, тіл мәселесі де қолға алынды. 2022 жылы Даурен Абаевтың қолдауымен анимация бірлестігі құрылып, көптеген жобалар іске асырылуда.

Толықметражды анимациялық фильмді шығару үшін қанша қаражат керек?

Елімізде шығарылатын фильмдерге мөлшерімен 300-350 миллион теңге жұмсалады. Әлемдік фильмдердің қаражаты 300-350 миллион долларға дейін жетеді. Бұл айырмашылық еліміздегі анимациялық фильмдердің сапасына әсер етері анық. Мысалы, «Балапан» арнасындағы сериалдарға өте аз қаржы бөлінеді. Бұл, әрине, өкінішті жағдай.

Жаңа оқуға түскен студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

Студенттер мен ізденіп жүрген жастарға айтарым — қажымай, тынымсыз еңбектеніп, үнемі ізденіс үстінде болып, болашақтағы атқаратын анимация мамандығыңа керекті басқа мамандықтарда оқып жатқан студенттермен тығыз достық қарым-қатынас орнату қажет.  Дипломмен ғана шектеліп қалмай, мүмкіндіктерді жібермей, онлайн-сабақтарды да меңгеріп, басқа да платформаларда білім алуға болатынын айтқым келеді.

Сұхбатыңызға көп рахмет!

Айбек Сакенов.

Жәнібек Оразалы: «Мультфильм — келешекке құйылған инвестиция»

Pro Production

Пролистать наверх