Адай Әбілдинов: «Ортақ бірлескен күшіміздің арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, киноматография саласында үлкен жаңалық жасасақ деген ниет бар»

Отандық киноөндірістің мәселесі қай уақытта да өзекті. Бәсекеге қабілетті һәм сұранысқа ие фильм түсіру бүгінгі қазақ киносының негізгі мақсаты болып отыр. Қазіргі кезеңде одақ жалпы қажет пе? Қазір одақтың жаңаша жаңғырту төңірегінде киноматографистерді қалай біріктіруді қалай жоспарлап отырсыз? Әлемдік өлшеммен алғанда Қазақстан кинематографиясының әлеуеті қандай? Халықаралық алаңдағы Қазақстан киносының қауқары қандай? Осы және басқа да сұрақтарға Қазақстан Киноматографистер одағы басқармасының төрағасы, режиссер, продюсер — Адай Әбілдиновпен жауап берді.

Кино білімі және кино өнері журналы «Жас өнер» журналы Сізді Қазақстан киноматографистер одағының төрағалығына сайлануыңызбен шын жүректен құттықтайды. Бұл қиын пост екенін, соңғы кездері көптеген келеңсіздіктер мен көптеген оқиғалардың болғанын білеміз. Одаққа сын айтылды. Қазір одақтың жаңаша жаңғырту төңірегінде киноматографистерді қалай біріктіруді қалай жоспарлап отырсыз?

Алдымен одақ деген не екенін айтып кетейін, себебі көбі біле бермейді. Анықтама бере кетейін. Өткен ғасырдың 60-жылдары әйгілі кино майталманы, киногеріміз Шәкен Кенжетайұлы Айманов өзі ынта білдіріп, осы одақты құрған болатын. Содан киногерлер одағының үйі салынды. Сол кісінің бастамасымен, бірақ өкінішке орай оны өзі көре алмай кетті.

Мажит Бегалин ағамыз осы ғимаратты ашып, содан бері қоғамдық ұйым ретінде Қазақстан киногерлерінің басын біріктіретін, бір идеологияға салатын ұйымға айналды. Осы күнге дейін әлі де, жұмыс жасап келе жатыр. Енді қай жылы не болғанын айтпай-ақ қояйын, нақты өз жоспарыма тоқталып кетейін.

Ең бірінші, бұл енді қоғамдық ұйым болғаннан кейін, әрине, бірнеше бағыттан тұрады. Біріншісі, әрине, ұйымдастыру-қоғамдық жұмыстар. Киногерлер одағының басты функциясы — Қазақстандағы киногерлер одағының мүшелерінің құқықтарын қорғау. Бұл біздің мойнымыздағы міндеттеріміздің бірі. Бұл тарапта біз көріп отырмыз, Қазақстанның киносы кезекті бір кризисін бастан кешіп отыр.

Кризис дегеніміз тек қана материалдық жағы емес, сценарий, идея жетіспеушілігі, білім беру, оқулықтар жағы, ұйымдастырушылар, кадр мәселесі. Осының бәрін айта кету керек. Біздің басты міндетіміз: Кино заңы жаңадан қабылданды ғой, 4-5 жыл болды, оның ішінде көптеген жетіспейтін дүниелер бар.

Сондықтан біз киногерлер одағы ішінен жұмыс тобын құрып, осы кинозаңына өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар дайындауымыз керек. Оның ішінде нормативтік актілер бар, соның бәріне кірісіп, киноны өндіру, киноны қаржыландыру, оны прокатқа шығару жұмыстарын реттеп, жүйелендіруіміз керек. Қазіргі басты міндеттеріміз осы: бұл бір.

Екінші мәселе — материалдық мәселе. Бәрімізге мәлім, киногерлер одағы ешқандай үкіметтік ұйымға бағынышты болмағаннан кейін өзін асырайтын қаражаты болуы керек. Бірақ қазір, өкінішке орай, киногерлер үйіміз сын көтеретіндей жағдайда емес: ішінде не суы, не жылуы жоқ. Бірақ, Құдай қаласа, барлығын қалпына келтіру жұмыстарын бастайын деп отырмыз.

Үкіметтің, Мәдениет министрлігінің көмегімен, сондай-ақ киногерлердің жеке атсалысуымен, себебі мұны да ескеруіміз керек, бәрімізге ортақ үй болғаннан кейін осыны бірлесіп іске асырамыз. Мүшелік жарналар, яғни «членские взносы» дейміз, мұны да қалпына келтіруіміз керек. Өйткені 200-ден аса мүше бар, тағы да мүшелікке қабылдау жұмыстарын жүргізбекпіз.

Себебі соңғы рет 2015 жылы қабылданған, енді сараптаудан өткізіп, енді бір 100 адамдай қабылдасақ, мүшелік жарна арқылы қаржылық қорымыз қалыптасса, киногерлер үйінің жөндеу жұмыстары бар, басқа да істелінуі керек жұмыстар шаш етектен, сол үшін бір жүйеге келтіруіміз керек.

Не себептен 2015 жылдан бері мүшелікке қабылдау жұмыстары жүргізілмеген?

Мүмкін менің алдымдағы басшылардың шешімі солай болған шығар деп ойлаймын. Менің пікірімше бұл дұрыс емес, 4 жылда қаншама мамандар шығады, оқу бітіреді. Қаншама кино түсіріледі. Олардың бәрі де, шыны керек, одаққа мүше болғысы келеді. Бірақ белгілі бір ұйымдастыру жағынан ба, әлде басқа да себептермен бе, қабылданбаған.

Енді біз осы олқылықтың орнын толтырып, ағымдағы 2024 жылы көптеп қабылдауымыз керек. Мұның ішінде тек қана жастар емес, орта, үлкен буын да баршылық. Осының бәрін реттеп, санымызды көбейтуіміз керек.

Жоғарғы билікпен қарым-қатынас бұрын көңіл көншітпегені рас, осы мәселені қалай ретке келтіруді көздеп отырсыз?

Әлбетте, мұны реттеу басты жұмыстарымыздың бірі, өйткені қазақ киносы, жалпы қазақ киноматографиясы, білмеймін енді, өкінішке орай ма, қуанышқа қарай ма, әлі күнге дейін мемлекеттің қаржыландыруында отыр. Жеке фильмдерді шығару енді ғана оңалып келе жатыр. Бірақ дегенмен мемлекет қаржыландыратын болғаннан кейін әлі де мемлекет тарапынан көмек күтеміз.

Ал жаңағы қарым-қатынас туралы айтатын болсақ, өте күрделі мәселе, себебі алдындағы басшылар мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен жақсы қарым-қатынасқа келе алмаған. Сондықтан қазіргі мақсатымыз Мәдениет министрлігімен, жергілікті әкімшілікпен, облыс әкімшілігімен, жалпы Қазақстандағы аймақтармен барлығымен бір позитивті қарым-қатынасқа шығуымыз керек.

Бұдан бөлек Жазушылар одағы бар, Композиторлар, Суретшілер одағы бар, осылардың барлығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, ортақ мәмілеге келуді мақсат етеміз. Оның басы жасалды.

Сәуір айында Мәдениет министрлігі Аида Ғалымқызы Балаевамен кездестім. Ол кісінің қабылдауында жалпы одақтың жұмысы туралы талқыладық. Ол кісінің айтуы бойынша Мәдениет министрлігі қоғамдық органдармен жұмыс істеуге ашық.

Біз де ашықпыз, сондықтан осыған үлкен зейін қойып, көңіл аударып, Министрлік бізге осы «Дом киноны» қалпына келтіру жұмыстарына, Мемлекеттік наградалар, мысалы: Өнер қайраткерлеріне, Кино қайраткерлеріне табыстауда, басқа да көптеген жұмыстар бар, фестивальдер бар, мұндай жұмыстардың барлығына киногерлер одағына көмек білдіреміз деген уәде берілді.

Кеңес заманында шығармашылық одақтың билігі болды, жеңілдіктері болды, ал нарық жағдайында режиссерлер, операторлар, жалпы одақ құрамында болу шығармашылық адамдары үшін не береді? Қазіргі кезеңде одақ жалпы қажет пе?

Бұл өте өзекті сұрақ. Біздің қатарға қосылғысы келетін жас әріптестер, ынталы жастар өте көп, бірақ киногерлер одағы бізге не береді деген секілді сұрақтары баршылық. Ең басты міндетіміз — киногерлер одағының құқықтарын қорғау әр түрлі тарап бойынша: мысалы, заңдық кеңес беру.

Бұл жерде айта кететін дүние: жас мамандар заң тұрғысынан көп сүрінеді, біле бермейді. Сондықтан одақтың шеңберінде біз құқықтық консультация беретін орталық ашуға оқталып отырмыз. Нақтырақ айтсақ, келісім-шарттарды рәсімдеу, онымен танысу, оның ішіндегі міндеттерді атқару. Сондай-ақ мемлекеттік пичингтер бар, шетелдік пичингтер бар.

Дайын фильмдерді прокатқа шығару, оны шетелдік, әртүрлі деңгейдегі фестивальдерге қатыстыру деген секілді жұмыстарға біздің көмегіміз көп тиеді. Бұдан бөлек сотқа беру мәселесі көбейіп кетті. Осы процестердің бәріне Киногерлер одағы белсенді қатыса алады және өзінің сараптамалық шешімін бере алады.

Бұдан бөлек, кино мамандарына Қазақстанда награда беру, атақ беру жағынан өзінің қатардағы мүшелерін мемлекеттік ордендерге, наградаларға, атақ алуға қатысты ұсыну жұмыстары жүріп жатыр қазір. Жақын арада бірнеше адамымызды ұсындық, енді үміт жоқ емес. Күтудеміз. Өзін жақсы көрсеткен майталмандарға, фильмдер шығарған нағыз мамандарға бұл біздің тарапымыздан үлкен көмек деп ойлаймын.

Орайы келгенде біле кетейік, «Оскар» комитетінде өзгерістер бола ма? Ол одақта қала ма?

«Оскар» туралы айтатын болсақ, былтыр қоғамда, әріптестер арасында дау болды. Былтыр біздің Оскарлық комиссия отандық фильмді жібермейміз деген шешімге келді. Бірақ бұл фильмнің жоқтығынан емес, фильм көптігінен, бірақ олардың деңгейі Оскар талаптарына сәйкес келмеді. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін қазір соған жұмыстанып жатырмыз.

Мұнда айта кететін жайт: «Оскар» талаптары әр жыл сайын өзгертіліп, қатаң тексеріледі. Әсіресе биыл қазақстандық іріктеу комиссиясының мүшелеріне үлкен назар салады. Кино саласындағы тәжірибесіне көп мән береді. Авторлық құқықтардың барлығына ерекше зер салып қарайды.

Бірақ біздің одағымыз сол киноакадемияның бұрыннан бергі әріптесі, нақты айтқанда серіктесі болғандықтан, олардың құқықтары бізде. Қазір қарқынды жұмыстар атқарып жатырмыз. Комиссия тізімін бекітіп, әрі қарай жариялаймыз.

Биыл фильмдер бар ма?

Әлбетте, биыл фильмдердің сапасы да, саны да жоғары деңгейде деген ойдамын. Себебі ішкі фестивальдерден орын алып, тіпті Гран-при алып келгендері жоқ емес. Аттарын әзірге атамай-ақ қояйын, бірақ қатысқан күннің өзінде де конкурс өте мықты болады. Сондықтан біздің үлкен үмітіміз бар — шектеулі уақытқа үлгеріп, ұйымдастырып, еліміздің атынан өте сапалы, сауатты, қазақы дүниені жібергіміз келеді.

Жаны қазақша түсірілген фильмдер өтеді деген үмітіміз бар. Ең аз дегенде шорт-листке кіріп, ең көп дегенде шеттіліндегі үздік фильм номинациясынан үмітіміз бар.

Киногерлер одағы өзіндік фестивальдерін шығару ойда бар ма? «Шәкен жұлдыздары», «Евразия» секілді фестивальдер жалғасын таба ма?

Егер фестивальдерге кеңірек тоқталатын болсақ, ескере кететін жайт: 2019 жылы «Евразия» кинофестивалін Киногерлер одағы өткізген болатын, жоғары деңгейде ірі мәдени шара ретінде. Сондықтан одақтың үлкен тәжірибесі бар деуге толық негіз бар. Тіпті заң тұрғысынан қарасаңыз да, өзіміздің ішкі жарғымыз бар, соның ішінде бәрі айдан анық белгіленген.

«Евразия» кинофестивалінен басқа «Шәкен жұлдыздары» кинофестиваліміз бар, ол бірінші жылы, өкінішке орай, өтпей қалды. Бірақ барлығын қайта жандандырғымыз келеді. Мұны жыл сайын өткізіп, Киногерлер одағы өткізсе, тіпті жақсы болар еді. Өйткені Киногерлер одағы мемлекеттің қарамағындағы емес, жеке, дара қоғамдық ұйым болып саналғандықтан, яғни мемлекеттік өкілетті органдарға қарасты болмағандықтан, одақтың мұны өткізу әлеуеті жоғары.

Бұдан бөлек, халықаралық ұйымдармен жақсы қарым-қатынастамыз. Әлемдік фестивальдермен, ассоциациялармен, «Оскар» комитетімен байланыстамыз Лос-Анджелестегі киноакадемиямен. Бұдан бөлек, біздің ТМД мемлекеттері ішінде конфедерация бар. Сондай-ақ түркі тілдес елдердің кино одақтар конфедерациясының мүшелігіндеміз. Сондықтан осы ресурстарымызды пайдаланып, фестивальдерді өткізуге мүмкіндігіміз бар.

Ал енді «Ұлттық кино премия» туралы айтатын болсақ, 2019 жылға дейін «Құлагер» премиясы өткізілді. Жылдың аяғында «Жылдың үздік туындылары», «Жылдың үздік туындысын жасаушы» мамандары марапатталатын болған. Соны біз қазір қолға алып, жандандырғымыз келеді.

Жылдың аяғында, Құдай қаласа, қорытындысын жасап, «Құлагер» премиясын қалпына келтіріп, өзіміздің кино мамандарды, кино өндіруші майталмандарды «Құлагер» премиясында марапаттауға күш жұмсап жатырмыз.

Төрағаның жұмысы, әрине, көп уақытты алады. Сіз шығармашылық адамы болғандықтан, шығармашылық жоспарларыңыз туралы білгіміз келеді. Қандай жоспарларыңыз бар?

Шындығында, қоғамдық жұмыстар көп уақытымды алады. Күні-түні тоқтамайтын жұмыс, үздіксіз процесс. Күнде бір жаңа мәселелер туады, кейде кедергілер туындап қалады. Өзекті шешімдер шығару керек болады. Қазір артыма қарасам, шығармашылықпен айналыспағаныма 4-5 жылдай болыпты.

Бірақ қоғамдық жұмыстарды ретке келтіріп, белгілі бір деңгейге жеткізіп алғаннан кейін, ары қарай өзімнің шығармашылық жолыма қайта шығуым керек деп ойлаймын. Қазір енді өз пікірім бойынша тақырыбы да керемет «Қорқыт ата» туралы бір жоба ойда жүр. Өте қызықты әрі қиын дүние деп санаймын. Бірақ жоба қиын бола түскен сайын қызықты болады ғой.

Сценарийі бар, арнайы жазылған. Өз мамандығым — анимациялық фильм режиссері болғандықтан, бұл саланы әлі де дамытуға ниеттімін. Осы шығармашылық ізденісімді толық метрлі анимациялық форматта ерекше дүние жасау жоспарда бар.

Басқа кезек күттірмейтін мәселелерді пысықтап алғаннан кейін, өз анимациялық туындымды фестивальдерге шығарып, прокатқа шығарып, өзіндік шығармашылық жұмыстарымды жасаймын деген ойым бар.

Біз шынымен де көптеген өзекті мәселелерді көтердік. Әсіресе кино саласына енді ғана тәй-тәй басып жатқан жас киногерлерге ақ жолтай тілегіңіз болса.

Алдымен «Жас өнер» журналына алғыс білдіргім келеді, көкейде жүрген өзекті тақырыптарды талқылап, киногерлер одағының жоспар-мақсатымен бөлісуге мүмкіндік бергені үшін. Одан кейін басты айтқым келетіні – кино ол білім. Теориялық, шығармашылық базаларын арттырыңыздар дегім келеді.

Журналдың барлық оқырмандарына, жас өрендерге, жалпы жүрегі кино деп соғатын, бұл салаға титтей де болса үлес қосқысы келетін мамандарды біздің Киноматографистер одағына қосылуға шақырамын. Бұл одақ жаңа форматтағы, жаңаша бағыттағы жаңғырған кейіпте жүйелі жоспарларды жүзеге асырмақ.

Ортақ бірлескен күшіміздің арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, киноматография саласында үлкен жаңалық жасасақ деген ниет бар. Қазір қаншама жас толқын өркендеп келе жатыр. Оларға ең алдымен сапасы жоғары фильмдер көбірек түсіруін тілеймін.

Бастысы, фильм түсірместен алдын жақсылап оқу барысында егжей-тегжейлі үйреніп, жан-жақты дамып, жаңа форматтағы дүниелер түсіріп, әлемдік деңгейде көрсетуіміз керек. Жалпы кино түсірудің жаңа деңгейіне жетіп, еліміздің кино индустриясын абыроймен көтеруімізге тілектестік білдіремін.

Сондықтан бәріміз бір кісідей киногерлер одағына жиналып, жаңа форматтағы одақты жаңғыртуымыз керек. Тың идеялармен киногерлер одағының, жалпы қазақ киносының деңгейін әлемдік масштабқа шығарып, сол сахналардан көруіміз керек деген ойдамын.

Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен — Айсулу Рахат.

Адай Әбілдинов: «Ортақ бірлескен күшіміздің арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, киноматография саласында үлкен жаңалық жасасақ деген ниет бар»

Pro Production

Пролистать наверх