Түркі елдерінің киноынтымақтастығы: Стамбұлда TÜRKFİLM аясындағы маңызды кездесу өтті

Стамбұл қаласында ТҮРКСОЙ бастамасымен құрылған TÜRKFİLM — Түркі әлемі кинематографистерінің одағы аясында түркі мемлекеттерінің кино саласындағы жетекшілері бас қосып, ортақ кинокеңістігінің дамуы мен болашағын жан-жақты талқылады.

TÜRKFİLM бастамасы — түркі халықтарының тарихи тамырластық пен мәдени сабақтастығын экран тілі арқылы жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба. Ол бірлескен киножобаларды дамытуға, рухани мұраны сақтау мен ұрпақ санасына сіңіруге арналған кәсіби алаң ретінде қызмет етеді. Оның құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркияның ұлттық кино мекемелерінің өкілдері кіреді.

Кездесу барысында келесі өзекті мәселелер қаралды:

  • Түркі мемлекеттері арасындағы бірлескен киноөндірісті жүйелі дамыту;
  • Қазір жүзеге асып жатқан халықаралық жобалар мен олардың әлеуеті;
  • Салада кездесетін ортақ мәселелер мен кедергілер, атап айтқанда, бірлескен өндіріс кезінде кино мамандарының құқықтық, қаржылық және үйлестіру мәселелерімен бетпе-бет келуі.

Сонымен қатар, биыл алғаш рет Қорқыт халықаралық кинофестивалі Ақтауда өтеді. Осыған байланысты Қазақстанның Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали Қазақстан барлық қатысушыларды осы беделді фестивальде қарсы алуға дайын екенін атап өтті.

Құрманбек Жұмағали кездесуде Қазақстанның киноиндустриясындағы қазіргі ахуал мен жетістіктер туралы баяндама жасады.

«Қазақстандағы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы — еліміздегі киножобаларға мемлекеттік қолдау көрсететін бірден-бір оператор. Мақсатымыз — отандық киноны дамыту ғана емес, сонымен қатар шетелдік серіктестермен қарым-қатынасты нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру», — деді Қ. Жұмағали.

Басқарма төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет саласына қатысты заңға қол қоюы, киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері және киноөндірістегі мамандарға көрсетілетін қолдау шаралары туралы да тарқатты.

Соңғы алты жылда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 117 киножоба жүзеге асырылды, оның ішінде 72 көркем, 37 деректі және 8 анимациялық фильм бар. Бұл – еліміздің кино саласындағы сапалы өсім мен кәсіби шеберліктің нақты дәлелі.

Қазақстандық кино халықаралық аренада зор табыстарға қол жеткізіп келеді. 280-нен астам фильм халықаралық кинофестивальге қатысып, 157 жүлдеге ие болды. Сонымен қатар отандық фильмдер Түркі елдерінің кинофестивалдеріне, оның ішінде Қорқыт Ата халықаралық кинофестиваліне белсенді қатысып келеді.

«Бұдан бөлек, отандық фильмдер көрерменге барынша қолжетімді болуда, олар ұшақ бортында, стримингтік платформаларда, телеарналарда және шалғай ауылдарда көрсетілуде. Қазақ киносының күндері Швеция, Ресей, Греция, Франция және басқа елдерде табысты ұйымдастырылды. «Қазақ киносының онкүндігі» секілді шаралар еліміздің өңірлерінде де өткізіліп, ұлттық кино кеңінен таныстырылуда.

Кино орталығы келешекте халықаралық бірлескен жобаларға, әріптестікке және инвестицияларға ашық. Мысалы, Канн кинофестивалі аясында Қазақстан мен Францияның ұлттық киноорталықтары арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Қазіргі таңда бірлескен «Победителей видно на старте» көркем фильмі монтаждалып жатыр. Сонымен қатар, Таиландпен бірлесіп түсіріліп жатқан «Сказка о морских псах» атты деректі фильм өндіріс кезеңінде», — деді ол.

Қазақстан түркі халықтарының ортақ рухани кеңістігін, мәдени сабақтастығын және болашаққа деген ұмтылысын кино арқылы бейнелеуді жалғастыра береді.

Еске сала кетейік, биыл Ақтауда Түркі әлемінің мәдени тұтастығын көрсететін және ортақ жобаларды дамытуға серпін беретін Қорқыт халықаралық кинофестивалі өтеді.

PRP-информ.

Түркі елдерінің киноынтымақтастығы: Стамбұлда TÜRKFİLM аясындағы маңызды кездесу өтті

Pro Production

Пролистать наверх