Кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Назира Рахманқызы Мұқышевамен сұхбат.
Құрметті Назира Рахманқызы, уақытыңызды бөліп, бізге келгеніңіз үшін көп рахмет. Жалпы өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
Осындай тамаша журналдың бағдарламасына шақырғандарыңызға сіздерге де көп рахмет. Аты-жөнім — Мұқышева Назира Рахманқызы. Кинотанушымын. Елімізде тұңғыш рет 1993 жылы ашылған кинотану мамандығының алғашқы түлектерінің бірімін. Сол жылы Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтында (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) кино мамандарын дайындайтын алғашқы бөлімдер ашыла бастады. Олар — кинорежиссура, анимациялық кино режиссурасы және кинотану бөлімдері болатын. Әмен Қайдаров, Әкім Тарази, Камал Смайылов, Бауыржан Нөгербек, Ерсайын Әбдірахманов секілді қазақ өнері мен мәдениетінің белгілі тұлғалары осы мамандықтардың ашылуына ұйытқы болып, өздері алғашқы шәкірттерін тәрбиелей бастады. Бұл еліміздегі кинопедагогиканың енді-енді басталған алғашқы қадамдары еді. Белгілі кинотанушы, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаған Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек сол 1993 жылы қазақ тілінде жазатын болашақ кинотанушылардан тұратын ең алғашқы шеберханасына он бір шәкірт қабылдады. Ұстазымыздың сол он бір шәкіртінің бірі болу бағы маған да бұйырды. Оқуды 1997 жылы тәмамдап, диплом алдық. Оқу бітірген соң Бауыржан ағайдың жанына шәкірт тәрбиелеуге шақыртылдық. Одан бері өткен жиырма бес жылға жуық уақыт ішінде ұстазымыз негізін қалап кеткен кинотану мектебінде азды-көпті еңбек етіп жүрген жайымыз бар.
Қазақстанда кино мамандарын дайындайтын қанша оқу орыны бар?
Кинотанушыларды екі жоғары оқу орнында дайындайды, олар — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Ал жалпы кино және телевидение мамандарын дайындайтын бұл екі оқу орнынан бөлек, Алматыдағы Тұран университеті мен ашылғанына көп уақыт өте қоймаған AlmaU бар. Яғни қазіргі таңда еліміздегі кино мен телевидение мамандарын өзіміздің жоғары оқу орындары дайындап, қамтамасыз етіп отыр. Осы жерде айта кетерлігі — Орталық Азия елдері арасында кино мамандарын кешенді түрде дайындайтын тек біздің ел ғана екен. Мысалы, ол елдердің көпшілігінің кино мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарында режиссерлерді, операторларды, т.б. дайындағанымен, кинотану бөлімдері жоқ. Ал киноөндірісі бар жерде оның анализі, теориясы, сыны да болуы керек. Отыз жыл бұрын еліміздегі кинопедагогиканың қайнаркөзінде болған үлкен тұлғаларымыздың осының бәрін ескергеніне бүгін көзіміз жетіп отыр.
Өзіңіздің мамандығыңыз жайлы айтып кетсеңіз?
Жалпы кинотанудың кино сыны, кино тарихы және кино теориясы деген бір-бірімен тығыз байланысты бағыттары бар. Киносыншылар бүгінгі кинопроцеске араласып, пікірін айтатын мамандар. Ал теория осы сынмен, тарихпен тығыз байланысты. Бір бірінен бөліп алу мүмкін емес. Кинотанушының міндеті — киномыздың бүгінгі аяқалысын, кешегі тарихын, келешегін болжап, еңбектер жазу, айту, яғни кешегі мен бүгінгі күнін байланыстырып болашаққа жеткізу.
Біздің негізгі жұмысымыз — қазақ киносының насихаты. Кино мен көрермен ортасында көпір болуымыз керек. Мақалалар жазып, кітаптар шығару, фестивальдер мен телеарналардың жұмысына қатысу, ғылыммен айналысу, болашақ кинотанушылар тәрбиелеу секілді тағы да басқа көптеген жұмыстар атқарамыз. Яғни біздің саламыздың аясы өте кең. Кинотанушы кино өндірісі мен қазақ киносының болашағы үшін өте қажет маман. Фильмдер өндірісі бар жерде кинотану саласы да міндетті түрде болуға тиіс. Екеуі де бір бірімен тығыз байланысып жатыр.
Өзіңіздің кітаптарыңыз туралы айтып кетсеңіз?
2017 жылы «Қазақ киносы: кеше және бүгін» деп аталатын кітабым жарық көрді. Ол кітапқа соңғы жетпіс-сексен жыл ішіндегі қазақ киносы туралы жазылған мақалалар, рецензиялар, ғылыми зерттеулер мен сұхбаттар енді. Ал бұған дейін қазақ деректі киносының негізін қалаушы, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығына арналған екі кітабым жарық көрді. Сонымен бірге 2005 жылы шыққан «Қазақ киносының тарихы» атты оқулық авторларының бірі болдым.
Жоғарыда айтқан 2017 жылы шыққан «Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабымнан кейін 2018 жылы «Әкім Тарази — кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» деп аталатын монографиям жарық көрді. Монография, аты айтып тұрғандай, ұлттық кино өнеріміздің классикалық шығармаларының бірі, 1964 жылы шыққан «Тұлпардың ізі» классикалық фильмінің түсірілу тарихы жайында жазылған. Кітап фильм сценарийінің ең алғашқы нұсқасынан бастап, экранға шыққанға дейінгі тарихты қамтиды. Бұл еңбекті дайындау үшін фильм мен оның сценарийіне қатысты архив құжаттарымен жұмыс істеуге тура келді. Шын мәнінде, бұл монографияны қазақ кинотану саласындағы бір фильмге қатысты архив құжаттарына сүйеніп жазылған алғашқы еңбек десе де болады. Арманым — осы үрдіс тоқтап қалмай, әрі қарай жалғасын тапса деймін. Жалпы бізде архивтік кинотану аса дамымай жатыр. Ал сол архивтерде қазақ киносының тарихына қатысты қаншама байлық жатыр. Біз сол байлықты аршып алып, архив құжаттарымен жұмыс істеп, соның негізінде еңбектер шығаруымыз керек. Ал ол оңай шаруа емес.
Сіз қаншама уақыт көз майыңызды тауысып архив құжаттарымен танысасыз, оларды жүйелеп, талдайсыз, оны жазып, баспаға дайындау деген жұмыстары тағы бар, яғни бір ай, жарты жылда бітіре қоятын шаруа емес. Кинотанушы маман бізде көп болуы керек дегенді бекерге айтып отырған жоқпын. Өйткені олар атқаратын жұмыс бағыты өте көп. Соның бірі, жаңа ғана айтқан архивтік кинотану. Бұл қазақ киносының өткені мен бүгіні, келешегі үшін өте маңызды.
Шыны керек, киномыздың қазақ тілінде жазылған тарихын біле бермейміз. Сондықтан бұндай кітаптар өте маңызды.
Сіз өте үлкен мәселені көтеріп отырсыз. Кино туралы әдебиеттің жетіспеушілігі қазіргі таңның өзекті мәселесі. Әсіресе қазақ тілінде жазылған кітаптар аз. Мысалы, киноға байланысты көптеген еңбектер орыс тіліне аударылып, жарияланады, бірақ қазақшаға аударылмайды. Осы тұста әдебиет тапшылығы қатты сезіледі.
Жақында Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығы аясында үлкен шара өткелі отыр. Бауыржан Нөгербектің феномені жайлы айтып өтсек.
Кейде жүздеген адамның ісін жалғыз бір адамның атқарып кететін кездер болады. Бауыржан Рамазанұлын сондай тұлғалардың бірі деуімізге әбден болады. Біріншіден, кәсіби кинотеорияның негізін қалады. 1989 жылы жарық көрген қазақ анимациялық киносына қатысты «Когда оживают сказки» атты ең алғашқы монографияның авторы. Осыдан кейін бізде анимациялық киноға қатысты бірде бір кітап шықпады. Бұл монографиядан кейін де «Кино Казахстана», «На экране «Казахфильм», «Экранно-фольклорные традиции в казахском игровом кино» атты кітаптары жарық көрді. Әрбір еңбегі қазақ киносы, киносыны, кино тарихы, кинотеориясы үшін өте маңызды.
Бауыржан Рамазанұлының кинотанушылық бай мұрасы – оның кітаптары. Кез келген еңбегінен қазақ киносының кешегі күні мен қазіргі таңдағы өзекті мәселелерін көруге болады. Өзінің жеке шығармашылығымен қатар, шәкірт тәрбиелеп, мектеп қалдырды. Өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеп кетті. Әрбір мықты тұлғаның артында сол еңбекті жалғастыратын мектеп қалуы керек. Бауыржан Рамазанұлының тек қазақ киносына емес, жалпы ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі орасан зор. Бауыржан Рамазанұлының жасап кеткен еңбегі туралы шексіз айта беруге болады.
Бауыржан ағай тек киносыншы, кино тарихшы ретінде ғана емес, кино саласындағы мектептің ірге тасын қалаған ұйымдастырушы. Осы жайлы айтып өтсеңіз?
Бауыржан Рамазанұлы еліміздегі кинопедагогиканың қайнаркөзінде тұрған тұлғалардың қатарында 1993 жылы қазіргі Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында алғашқы кинотанушыларды қабылдағанын сөз басында айтып өттік. Осы ұстаздық жолы кейін Астана қаласында жалғасын тапты. 2010 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы Мұсақожаеваның шақыртуымен бірнеше кинематографисттермен бірге Астанаға келді. Университетте жаңадан ашылған «Өнертану және операторлық өнер» атты департаменттің басшысы болды. Келесі жылы департамент «Кино және телеведение», «Өнертану» деп аталатын екі кафедраға бөлініп, Бауыржан Рамазанұлы «Өнертану» кафедрасының меңгерушісі болып сайланды. Оқу бағдарламаларының құрастырылуына, Астанаға оқытушыларды шақыртып, жаңа ашылған кафедра жұмысының жолға қойылуына көп еңбек етті.
Бауыржан Рамазанұлының шәкірті болдыңыз. Ол кісінің біреуге дауыс көтергенін ешқашан естімеппін. Мінезі қандай, айтып беріңізші?
Бауыржан Рамазанұлы өте зиялы адам болды. Киносыншы болу үшін ең алдымен киноға деген махаббат болуы керек, ал ол махаббатты санаңызға сіңіретін де ең алдымен ұстазыңыз ғой. Бұл ретте ұстаздың тек білімі, еткен еңбегі ғана емес, адами болмысы, биік парасаты мен зиялылығы да өте маңызды деп ойлаймын. Кейде ұстаздың дүниетанымы шәкірттерге өмір сүруге, маман болып қалыптасуға құлшыныс беруі мүмкін. Сондықтан, ұстазымыз әрбір шәкіртінің ең алдымен өзін тұлға ретінде сезінуіне үлкен ықпалын тигізді. Жақсы маман болмауың мүмкін, бірақ жақсы адам болуың міндетті. Бауыржан Рамазанұлы шәкірттерін осылайша адамгершілікке баулыды. Өйткені парасат, адамгершілік пен ізгілік болмаса, өнер де болмайды. Абай атамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді ғой, сол сияқты шәкірттер алдарындағы ұстазға еліктеуге тырысады. Бауыржан Рамазанұлы бәріміздің, яғни әрбір шәкіртінің есінде тек парасатты, тұла бойы ізгілік пен мейірімге толы ұстаз ретінде қалды. Шәкірттерінің киноға, жалпы кинотану саласына деген сүйіспеншілігі болса, соның бәріне Бауыржан ағайдың ықпалы зор болды деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиелеудің де, қазақ киносының тарихында қалатын қаншама еңбектерінің де негізінде Бауыржан Рамазанұлының үлкен жүрегі, мейірімі мен парасаты жатыр.
Биыл Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай қандай іс-шара ұйымдастырылып жатыр?
Қазақ ұлттық өнер университетінде Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығына арналған халықаралық форум өткізейік деп жатырмыз. Форум аясында ғылыми-практикалық конференция мен өзіміздің белгілі кинематографистеріміздің шеберлік дәрістерін өткізу жоспарымызда бар. Бауыржан Рамазанұлы өзінің ғұмырында қазақ киносының мәселелері жайында көп жазды. Сондықтан, форум аясында өтетін іс-шараларда Бауыржан Рамазанұлының еңбектерін, пікір-ойларын қазіргі қазақ киносындағы мәселермен ұштастырып, талқыласақ дейміз. Осы бағытты ұстанатын мақалалардан құралған конференция жинағын да шығаруды жоспарлап отырмыз.
Керемет, сәттілік тілейміз! Ендігі соңғы сұрағымыз: бүгінгі қазақ киносының жағдайы қандай? Болашағы бар ма?
Әрине, қазақ киносының болашағы бар. Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын Ұлттық киноны қолдау орталығы питчинг өткізіп жатыр. Мен сол жерде екі жыл қатарынан эксперттік комиссия мүшесі болдым. Қазақстан бойынша кинематографистер өздерінің сценарийлерін ұсынады. Әрине, сан бар жерде, сапа да болады. Жыл сайын көптеген жұмыстар келеді. Былтыр 208 сценарий оқылып, оның 50-ден астамы іріктеліп, түсірілімге жіберілді. Осы тұста сценарийлерге қатысты мәселелерді айтқым келеді. Ең алдымен тіл мәселесі өте өзекті екенін айтуымыз керек. 200-ден аса сценарийдің он пайызға жуығы ғана қазақ тілінде болды. Қазақ киносындағы тіл мәселесі бұған дейін де жиі-жиі қозғалып келген. Бұл туралы Бауыржан Рамазанұлы да өз мақалалары мен сұхбаттарында үнемі айтып отырды.
Менің үлкен арманым — біздің киноға өзінің тілін, ділін, тарихын, болмысын білетін жастар көбірек келсе деймін. Осы тұста қырғыз елінен үлгі алсақ болады. Оларда екі-үш кинематографиялық жоғары оқу орындары бар. Солардың бірінде шәкірт тәрбиелейтін белгілі режиссерден болашақ кинематографистерді қалай дайындайтындары туралы сұрадым. Сондағы білгенім, олар бірінші жылы студенттерді ел аралауға, халықтың арасына жібереді екен. Студенттерді салт-дәстүрді зерттеп, өздерінің фольклорын, қырғыз әдебиетін оқуға міндеттейді екен. Сонан соң ғана қалған дүниені меңгере береді дейді. Яғни, болашақ киногерлері өздерінің кинодағы алғашқы жолын ең алдымен өзінен, өзінің тарихы мен әдебиетінен бастайтын болып тұр ғой. Сондықтан ғой, ересек буын түгілі, жастарының киносында да ұлттық тамыр, халықпен рухани байланыс сезіліп тұрады.
Кейде қазақ киносында, әсіресе жастардың киносында осы рухани байланыс үзілгендей көрінеді маған. Біртіндеп ұлттық тамыры жоғалып бара жатқандай сезіледі фильмдерін көргенде. Жалпы, киноға келетін адамның айтары болуы керек деп ойлаймын. Ал ол бар ма, жоқ па, қанша тырысса да, бәрібір киносынан да, сценарийінен де көрініп тұрады. Ұлттық діңгек, тамыр болуы керек және ол бүгінгі заманмен ұштасып жатса қандай тамаша болар еді. Киноны көп көру керек, көп іздену керек, бірақ ең маңыздысы – өмірдің өзі. Халықтың өмірі сезілмесе экранда жан болмайды. Осындай мәселелерді сценарийлерден де байқадым. Ұлттық бояуы бар сценарийлер некен-саяқ. Басқа ұлт еліміздің фильмдерін көргенде қазақтың болмысын сезіп, халқымызды тануы қажет. Жалпы, елімізде кино өндірісіне мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. Сол қаражатқа түсірілетін сапалы, ұлттық тамыры бар фильмдер көп болса дейміз.
Сіз өте үлкен мәселерді қозғадыңыз. Ендігі кезекте жас буынға, кинематографистерге айтатын тілегіңізді білдірсеңіз.
Жас буынға айтқым келетіні — жақсы кино түсіру. Сіздер қазақ киносының болашағысыздар, ал бұл өте үлкен жауапкершілік. Бүгінгі жастардың киносы — ертеңгі қазақ киносы. Сіздерден сапалы фильмдер күтеміз!
Сұхбатты жүргізген: Талғат Тайшанов.