Х Baiqonyr кинофестивалінің дебюттік фильмдер конкурсы: кино кеңістігіндегі жаңа есімдер картасы

Былтырдан бастап бағдарламаның басты жаңалығы — дебюттік толықметрлі фильмдердің халықаралық байқауы. Бұл бағдарлама кино өнерінде жаңа қадамын басып  келе жатқан режиссерлер үшін кәсіби «өтпелі кезең» рөлін атқарады: мұнда олардың эстетикалық шешімдері, стилі, тақырыптық бағдарлары және кино тілін меңгеру деңгейі алғаш рет ірі халықаралық аудиторияның назарына ұсынылады.

Биыл аталмыш байқауда бес түрлі елден бес фильм көрсетіліп, әрқайсысы қоғамның жаралы тұстарын, мәдени кодтарын және психологиялық портреттерін өзіндік ракурспен ашып, көрермен талқысына салынды. Осы фильмдердің көрсетілімдеріне модератор болу мүмкіндігі маған фестивальдік процесті ішкі механизмімен бірге бақылауға, авторлармен тығыз диалог орнатуға және шығармаларды кәсіби тұрғыдан терең зерделеуге жол ашты. Фестивальдің толықметрлік дебюттік фильмдер бағдарламасына Ресейден федерациясынан «Агния», Өзбекстаннан «Сусхотин әні», Ресей Федерациясы Саха Республикасынан «Маған гүл сыйлашы», Тәжікстаннан «Қызыл түс», Грузиядан «Венеция» фильмдері қатысты.

«Агния»: заманауи Ресейдің әлеуметтік трагикомедиялық кейіпі

Байқауды ашқан Ресей фильмi «Агния» — заманауи ресейлік қоғамдағы әлеуметтік қысым, тұрғын үй тапшылығы, мемлекеттік «аналық капитал» (Ресей федерациясында жаңа босаған аналарға арналған материалдық төлемақы) бағдарламасының көзге көрінбейтін қайшылықтары туралы батыл айтылатын әлеуметтік трагикомедия. Режиссер Павла Стратулат қоғамды сырттай емес, «ішінен» көрсетеді: бюрократиялық механизмдер ана мен бала тағдырын реттеуге қаншалықты дәрменсіз екенін, ал ресми идеологияның демографиялық саясатқа бағытталған үндеулері өмірдің шынайылығына қабыспай қалатынын нақты кейіпкерлер арқылы береді.

Фильмнің басты күші — ирония. Бұл ирония көрініс деңгейінде емес, құрылымдық деңгейде жұмыс істейді: көрермен не болып жатқанын күлкілі формада қабылдағанмен, астарында тұрған жүйелік трагедияны анық сезеді. «Агния» — ресейлік жаңа буын киногерлерінің өткір әлеуметтік бағытқа бет бұрғанының айқын белгісі.

«Сусхотин әні»: үнсіз қалған дауыстар мен шындықтың ауыр жүгі

Өзбекстандық режиссер Хуснора Розматованың «Сусхотин әні» — биылғы байқаудағы ең ауыр әрі моральдық тұрғыдан ең күрделі туындылардың бірі. Су шақыратын көне дәстүрдің атауын символ ретінде ала отырып, фильм қоғамдағы ең үлкен су тапшылығы — әділдік тапшылығын көрсетеді. Бұл — қыз балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың тек жеке трагедия емес, институционалдық деңгейдегі қылмыс екенін ашып көрсететін батыл кинокартина.

Фильмнің драматургиясы өте дәл құрастырылған: зорлыққа ұшыраған қыз, оның әділдікке қол жеткізе алмауы, отбасындағы қысым, дін өкілдерінің үнсіздігі, жемқорлық пен қорқынышқа құрылған жүйе — бәрі бір үлкен әлеуметтік ағзадағы ақаудың симптомдары ретінде көрінеді. Ең шошытарлығы — шындықты ашуға талпынған журналистің «жала жабу» бабымен қамауға алынуы. Бұл көрініс жалпы посткеңестік, соның ішінде Өзбекстандағы сөз бостандығы мен адам құқықтарының күрделі жағдайына тікелей назар аудартады.

«Сусхотин әні» — тек фильм емес, бұл әлеуметтік айқай, ол аудиторияны жай күйзелтіп қана қоймайды, оны моральдық позициясын қайта қарауға итермелейді.

«Маған гүл сыйлашы»: саха поэтикасы және экзистенциалдық күйзеліс

Ресей Федерациясының Саха Республикасынан шыққан жас кинорежиссер Василий Слепцовтың «Маған гүл сыйлашы» фильмі — саха киносы дамуының жаңа кезеңін айқындайтын, ұлттық поэтика мен авторлық ойлаудың органикалық синтезін дәлелдеген маңызды туынды. Бұл фильм — саха киносының соңғы онжылдықта қалыптастырған ерекше кинематографиялық стилін паш ететін көркемдік феномен.

Айта кетсек, Слепцов бірнеше жыл бұрын өзінің алғашқы қысқаметрлі фильмімен Baiqonyr халықаралық кинофестивалінде көрермен мен сарапшылар назарын аударған болатын. Авторлық даралығы мен нәзік интонациясы дәл сол кезеңнен байқалған режиссердің бұл жолғы толықметрлі жұмысы терең психологиялық драмаға айналып, адамның ішкі қақтығысын, экзистенциалдық дағдарысын және жалғыздық философиясын саха дүниетанымының кеңістігімен үйлестіре бейнелейді.

Саха режиссерлері кәсіби мектептен тыс, таза авторлық интуициямен жұмыс істей отырып, кино тілін поэтикалық деңгейге көтере алды. Василий Слепцовтың туындысы да осы тенденцияны жалғастырады: визуалды қатар табиғат тынысымен үндеседі, кейіпкердің ішкі «мені» кең байтақ Саха даласының үнсіздігімен теңеседі. Биыл фильмнің «Үздік дебют» жүлдесін алуы — Саха Республикасының киносының әлемдік аренада нығайып келе жатқан позициясының тағы бір мінсіз дәлелі.

«Қызыл түс»: ұрпақаралық және идеологиялық қақтығыс

Тәжік режиссері Сохибер Толибтың «Қызыл түс» фильмі — посткеңестік кеңістікте әлі де толық зерттелмей келе жатқан идеологиялық мұра, тарихи жады және ұрпақаралық жанжал мәселелерін көркемдік тұрғыдан аса дәл әрі өткір талдайтын шығармалардың бірі. Бұл фильмді тек саяси-әлеуметтік драма жанрына сыйдыру жеткіліксіз, ол посттоталитарлық қоғамдардың ішкі психологиясын, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан құндылықтық жүйелердің күйреуін және жаңа идеологиялық модельдердің орнығуын зерттейтін күрделі философиялық туынды десек те болады.

Фильмдегі әке бейнесі кеңестік дүниетанымның соңғы буынын, идеологияны тұрақтылық пен тәртіптің кепілі ретінде қабылдаған ұрпақты білдіреді. Ал баласының бейнесі — тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан, жаңа мүмкіндіктерге, еркін ойлауға, әлемдік мәдени кеңістікке бет бұрған буынның символы. Бұл екі әлемнің қақтығысы тек отбасылық қатынаста ғана емес, бүкіл қоғамда жүріп жатқан идеологиялық қайта бағдарлаудың көрінісі ретінде ұсынылады. Бұл жердегі қақтығыс — қай идеологияның «дұрыс» немесе «жалған» екені туралы тар түсінікке сыймайды. Режиссердің ұстанымы нақты, әрі айқын — кез келген идеология күшпен тараған кезде, оның артында әлеуметтік, менталды жарақат қалады. Фильм осы жарақаттарды кейіпкерлер қарым-қатынасы арқылы шынайы әрі жинақы көрсетеді.

«Венеция»: драмеди жанрына құрылған әлеуметтік мозаика

Грузияның әйел кинорежиссері Русудан Чконияның «Венеция» фильмі — биылғы бағдарламаның ең жеңіл қабылданатын, бірақ ішкі мағынасы терең туындыларының бірі. Жеті жыл бойы аяқталмаған тұрғын үй кешенінің айналасындағы конфликт — посткеңестік қалалардың тұтас әлеуметтік бейнесі іспетті.

Фильм түрлі мінездегі, әр түрлі әлеуметтік топ өкілдері жалпы саны жиырма тұрғынның бір кеңістікте мәмілеге келе алмай, бірақ келуге мәжбүр болуын күлкі мен драма арқылы көрсетеді. Русудан Чкония өз кинотуындысында комедиялық элементтерді жіті сезініп, оларды әлеуметтік сатираға айналдырады.

«Венеция» — көрерменге адамдар арасындағы қарым-қатынас табиғатының күрделігі жайында ой шертуге мүмкіндік беретін терең туынды. Бұл кинотуынды материалдық және рухани әлемнің қақтығысы, экономикалық қысым жағдайындағы моральдық таңдау жасау, қаржылық мүдде аясындағы адамдар арасындағы қарым-қатынас, заманауи қоғамдағы наным-сенім мен дәстүрдің орны сияқты бірқатар маңызды мәселелерді қозғайды.

Фильмінің қазылар алқасының арнайы жүлдесін иеленуі — кинотуындының көркемдік деңгейінің асқақтығын толығымен дәлелдейді.

Авторлармен талқылаулар — фестивальдің шығармашылық катализаторы

Биылғы фестивальдің ең ерекше құбылыстарының бірі — әр көрсетілімнен кейін ұйымдастырылған ашық талқылаулар болды. Мұндай кездесу форматтары тек қосымша бағдарлама ретінде емес, фестивальдің рухани өзегіне айналып, кино мен көрермен арасындағы тірі байланысты қалыптастырды. Экранда көрінген образдардың тағдыры, режиссердің ойы мен эстетикалық ұстанымдары дәл осы сәтте нақты дауысқа, көзқарасқа, ой толғанысқа айналды.

Көрермен мен авторлардың тікелей байланысы фильмнің ішкі мағыналарын, жасырын пласттарын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Әсіресе көрермен қойған сұрақтар автордың өз туындысына сырт көзбен қайта қарауына жол ашады. Бір кейіпкердің әрекетін әркім әр қырынан бағалап, белгілі бір драматургиялық шешімді қабылдау не қабылдамау себептері туралы пікір алмасу шығарманың өміршеңдігін арттыра түседі. Бұл диалог барысында фильмнің тек эстетикалық объект емес, әлеуметтік, мәдени және философиялық ой тудыратын тірі мәтін екені айқындалады.

Диалог алаңында байқалған тағы бір маңызды құбылыс — әр буын өкілдерінің пікірлері тоғысып, киноны қабылдаудың көпқырлы табиғаты анық көрінді. Тәжірибелі кинематографистер кәсіби талдау ұсынса, жас көрермендер эмоциялық қабылдауға, жаңаша интерпретацияға көбірек мән берді. Бұл синтез әр фильмді жаңа қырынан бағалап, оны бір ғана авторлық көзқарасқа тәуелді емес, көпголоссты пікір кеңістігі ретінде тануға мүмкіндік берді.

Жас режиссерлер үшін мұндай пікірталастардың берері ерекше. Олар аудиторияның реакциясын тікелей көріп, өз фильмінің көркемдік шешімдерінің қаншалықты әсерлі болғанын нақты сезіне алады. Кәсіби ортада алғашқы диалогтарға қатысу — шығармашылық эволюцияның маңызды кезеңі. Бір жағынан, позитивті қолдау олардың өз күшіне деген сенімін арттырса, екінші жағынан, сындарлы пікірлер келесі жобаларына тереңірек ой салатыны сөзсіз. Көп жағдайда дәл осындай тікелей қарым-қатынас жас автордың дүниетанымын толықтырып, оны кино тілімен жұмыс істеуге жаңаша ынталандырады.

Сонымен қатар, фестиваль алаңында қалыптасқан диалог көрерменнің киноға деген мәдени қатынасын да өзгертеді. Тек тұтынушы емес, пікір білдіруші, талдаушы тұлға ретінде көрерменнің рөлі күшейеді. Бұл өз кезегінде киносын мәдениетінің дамуына, сапалы аудитория қалыптасуына, жалпы қоғамның эстетикалық талғамының өсуіне ықпал етеді.

Осылайша, биылғы көрсетілімдерден кейінгі талқылаулар фиестивальдің шығармашылық катализаторына айналды. Ол киноның қоғаммен, уақытпен және адаммен байланысын күшейтіп, шығармашылық процеске көпдауысты пікірлердің, мәдени тәжірибелердің, эмоциялық әсерлердің тоқтаусыз айналымын алып келді. Мұндай диалог алаңдары — кино өнерінің мәдени-танымдық функциясын кеңейтетін, оны тек көру емес, түсіну, сезіну, қарсы сұрақ қою, ортақ ой тудыру кеңістігіне айналдыратын ең маңызды құралдардың біріне айналдырды.

Қорытынды

Биылғы Baiqonyr фестивалінің дебюттік фильмдер бағдарламасы посткеңестік кеңістіктегі кинематографияның жаңа кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетті. Бұл жай ғана жас авторлар легінің пайда болуы емес, дүниетанымы өзгеше, қоғамды жаңа ракурстан қабылдайтын, формалық та, мазмұндық та батыл ізденістерге дайын тұтас шығармашылық толқынның қалыптасуы. Олардың ең басты ерекшелігі – өткеннің инерциясынан арылып, бүгінгі әлеуметтік жараларды жасырмай айтуға ұмтылуы, жеке тәжірибе мен қоғамдық шындықтың қиылысқан тұстарын жаңаша оқи алуы, әрі осының бәрін көркем тілдің жаңа пласттарымен жеткізе білуі.

Дебютанттар көтерген тақырыптар да осы тенденцияны дәлелдейді: отбасылық құпиялар мен жарақаттар, әлеуметтік теңсіздік, мәдени бірегейлік мәселесі, миграция, тұрақсыздық, жаңа ұрпақ психологиясы — бәрі бұрынғыдай сыпайы ишарамен емес, ашық, тікелей, эмоционалды және жауапкершілікпен айтылып отыр. Бұл режиссерлер үшін кино жай эстетикалық өнім емес, қоғаммен сөйлесу құралы, өзіндік тәуелсіз позицияны білдіру мүмкіндігі.

Осындай батыл дауыстарға алаң ұсына отырып, Baiqonyr Қазақстанды аймақтық киноталқылаудың маңызды хабына айналдырып келеді. Фестивальдің құндылығы –— тек фильм көрсетумен шектелмей, жаңа мәдени дискурс қалыптастыруында. Көрермен, сыншы, продюсер, режиссер арасындағы көпқырлы диалог заманауи кинодағы өзекті үрдістерді айқын түсінуге септігін тигізеді. Нәтижесінде фестиваль кинокөрсетілімдер шегінен шығып, аймақ елдері үшін концептуалдық пікірталас алаңына, жаңа көзқарастардың тоғысатын интеллектуалдық кеңістігіне айналып отыр.

Жыл сайын кеңейіп келе жатқан жаңа режиссерлер картасы да осы динамиканың маңызды көрсеткіші. Әрбір жаңа есім — жаңа тақырып, жаңа тіл, жаңа эстетикалық бағыт. Бұл құбылыс кино өнерінің қоғамға әсер ету әлеуетінің әлі де зор екенін дәлелдейді. Кино арқылы қоғамдық мәселелерді талқылау, жаңа ұрпақтың тілегін, даусын, ішкі дағдарыстарын түсіну мүмкіндігі кеңейіп келеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Baiqonyr-дың стратегиялық миссиясы — аймақтағы жаңа авторлық киноның дамуына жағдай жасау, пікір алмасудың тұрақты мәдени ортасын қалыптастыру — толыққанды жүзеге асып келеді деп сеніммен айтуға болады. Фестиваль бүгінгі күннің өзекті дискурстарын шынайы түрде көтеретін, қоғаммен тең дәрежеде сөйлесетін режиссерлерді танытып қана қоймай, олардың шығармашылық эволюциясына да серпін беріп отыр.

Бұл үрдіс жалғасын тапқан сайын, Baiqonyr тек жыл сайынғы фестиваль емес, жаңа кинематографиялық дәуірдің бастау нүктесі, мәдени өзгерістердің катализаторы ретінде бағаланатыны сөзсіз.

Баубек Нөгербек, кинотанушы.

  • Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
  • «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы

Х Baiqonyr кинофестивалінің дебюттік фильмдер конкурсы: кино кеңістігіндегі жаңа есімдер картасы

Pro Production

Пролистать наверх