Жазғы көңіл-күймен: «Сағындым сені» фильмі түсірілімін аяқтады

Фильм Ұлттық Кино Қолдау Орталығынын арқасында түсірілген. Продюсері Зарина Киссикова, режиссері Амир Аменов, операторы Аян Базылбек, суретшісі Алия Шманова.

Шығармашылық топпен өткізілген сұхбаттан.

Амир Аменов, режиссер және сценарист.

Фильмнің идеясы қашан пайда болды?

Қысқаметрлі формада бұл идея мен Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде оқығанда пайда болды. Мастеріміз Ерлан Маратұлы Нұрмұхамбетов бізге жылдың төрт мезгілдің әрқайсысына бір шағын фильм түсіріп көріңдер деген тапсырма берген. Алайда, стюардессаның ұшақтағы сценасын қалай түсіріміз, графиканы қалай жасаймыз деп студент кезімде бұл жұмысты жасай алмадым. Кейін, Қазақфильмдегі дебюттік фильмдердің кураторы Әсет Байдильдаевич Ерназаровтың көмегімен бұл идея қысқаметражды фильмге айналды. Сосын, продюсер Зарина Киссикованың сұрауы бойынша, мен бұны толықметражды фильмнің сценарийі ретінде жазған болатынмын.

Сонда фильмнің сценарийі қанша уақыт жазылған болатын?

Жалпы алғанда идеядан фильмге дейн санасақ — 8 жыл. Ал толықметражды фильмнің сценарийдің бірінші нұсқасы 2022 жылдын күзде дайын болған. Кейін, сценарий Asia Pacific Screen Lab атты сценарийлік тәжірибеханаға өткеннен кейін 2023-2024 жылдардын аралығында сценарий өзіннің сегізінші нұсқасына жетті. Ал 2025 жылы, түсірілімге бір ай қалғанда біздерді Халықаралық Торонто Кинофестивалінің Writer’s Studio-сына шақырды. Ол жақтың эксперттері, және Ұлттық Кино Қолдау Орталығынан эксперттері сценарийді оның 10-ыншы нұсқасына жеткезді. Шыны керек, осы оқиғаға үлес қосқан барлық адамдарға ризашылығымды білдіргім келеді.

Түсірілім барысындағы ең қиыны не болды екен?

Бәрі де қиын (күледі). Дегенмен, Құдайға ризамыз, керек кезде жаңбыр жауды, керек кезде ашық аспан болды. Актерлеріміз дарынды, группамыз мықты.

Фильмнің көпшілік эпизодтары түнде өтеді екен. Оған қалай дайындалдыңыз?

Бұл сұраққа оператор жауап бергені жөн.

Аян Базылбек, оператор.

Сөз сіздікі.

Рахмет. Басында фильмнің аты «Жылы түн, салқын сыра» болғандықтан, картинаның басты элементі — түн болатыны белгілі болды. Технологияның қарқынды дамып келе жатқанының арқасында, бүгінде Sony Venice 2 сияқты камералармен түнгі сценаларды тез әрі үлкен жарық құралдарын қолданбай-ақ түсіруге болады. Техникалық тұрғыдан бұл камера бізге үлкен жеңілдік берді, алайда операторлық өнер жағынан жарықтың ерекше стилистикасын табу керек болды. Осы тұста біз гаффермен бірігіп жұмыс істеп, арнайы фильтрлерді қолдана отырып, жылы түн атмосферасын кадрда жасадық.

Сонымен қатар, біз ескі, бірақ қуатты жарық құралдарын — 12 кВт Dyno приборларын қолдандық. Олар бізге қажетті тереңдік пен контраст беріп тұрды. (Әңгімемізге фильмнің гафферы Айнур Кажкаримова қосылды).

Иә, ал бейнелік жағынан біз LEITZ HUGO объективтерін пайдаландық. Бұл линзалар кадрға жұмсақтық пен кинематографиялық эстетика берді.

Екеуіміз де Витторио Сторраро түсірген фильмдердегі жарықтан шабыт алдық…

…Үшеуіміз де (әңгімеге Әмір араласып кетті).

Иә, үшеуіміз де. Сөйтіп, әр сценаның жарық схемасын алдын ала дайындап алып, кейбір көшелерде тіпті фонарьлардағы лампаларды ауыстырып жұмыс істегенбіз.

Жобаның қоюшы-суретшісі Әлия Шманова да бізбен бірге.

Әлия, айтыңызшы, «Сағындым сені» фильміне қалай дайындалдыңыз?

«Сағындым сені» жобасына бір жылдан астам дайындалдық. Ол қысқа нұсқаны оқудан басталды. Сол кездің өзінде фильмнің түс схемасы қалыптаса бастады. Біз қаланы аралап, Алматының көшелерімен, аркалармен қайта танысқанымызда локация іздеу өте қызықты болды.

Сіз үшін ең үлкен сынақ не болды?

Кейіпкердің қиялының жеңілдігін, әуестігін және элементтерін сақтауға деген ұмтылыс. Гаджеттерді, технологияны пайдалануды азайту және кадрды бүгінгі модернизацияның бөлшектерімен шамадан тыс жүктемеу.

 Түсірілімнен кейінгі сезімдеріңіз қандай?

Түсірілімнен кейін, ең алдымен, аздап мұң болады, өйткені түсірілім процесі — сондай бір бөлек өмір, ол жерде атмосфера тудыратын ұжымның бір бөлігі боласын.

Сіздерге рахмет, фильмнің түсірілімі сәтті аяқталып, болашақ көрерменнің көңілінен шықсын!

Бейбут Шакиев.

Жазғы көңіл-күймен: «Сағындым сені» фильмі түсірілімін аяқтады

Pro Production

Пролистать наверх