2026 жылғы 14 сәуір күні сағат 14:00-де К. Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университеті үлкен залында көрнекті актриса Меруерт Қаратайқызы Өтекешеваның 75 жылдық мерейтойына арналған «Қыз Жібекпен сырласу» атты салтанатты концерт өтті.
Іс-шара еліміздің жетекші театр өкілдерін бір сахнада тоғыстырып, әр ұжым «Қыз Жібек» фильмінен үзінділерді өзіндік сахналық шешіммен ұсынды. Концертке Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық-драма театры, Астана Опера театры, Жастар театры, Қуыршақ театры, Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Музыкалық жас көрермен театры, Наз би театры әртістері қатысты. Бағдарламада мерейтой иесінің жетекшілігімен білім алып жүрген «драмалық театр және киноактёры» мамандығының бірінші курс студенттерінің өнер көрсетуі ерекше орын алды.
Әр қойылым Жібек бейнесімен іштей сырласу іспетті болды. Бұл образ — сұлулықтың, тазалықтың және ұлттық рухтың символы ретінде Меруерт Өтекешеваның шығармашылығымен тығыз байланысты. Қатысушылар сахна арқылы тек оқиғаны ғана емес, туындының терең эмоциялық мазмұнын да жеткізе білді.
Концерттің екінші бөлімінде құттықтау рәсімі өтті. Алғашқы болып сөз алған университет ректоры Ғалым Алғиұлы Ахмедьяров актрисаның қазақ өнеріне қосқан зор үлесін және жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегін ерекше атап өтті. Одан әрі құттықтауларды театр басшылары, әртістер және Меруерт Өтекешеваның бұрынғы шәкірттері жалғастырды.
Әрбір ұжым мерейтой иесіне алғыс хаттар табыстап, өз құрметтерін білдірді. Кеш бойы көрермендер шынайы ықылас пен терең сыйластыққа толы ерекше атмосфераның куәсі болды.
«Қыз Жібекпен сырласу» концерті тек мерейтойлық шара ғана емес, сонымен қатар өнердегі сабақтастықты айқындайтын, бір сахнада тәжірибелі шеберлер мен жас өнерпаздарды байланыстырған рухани көпірге айналды.
Сонымен қатар, Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойына және С. Қожықовтың «Қыз Жібек» фильмінің 55 жылдығына орай ерекше мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Бұл айтулы күн тек өнер иесінің жеке мерекесі ғана емес, қазақ киносының дамуына қосқан зор үлесін тағы бір мәрте еске түсірген маңызды күн болды.
Аталған шара өнер университетінде де өтті. Кинокөрсетілім аясында көрермендерге актрисаның шығармашылық жолындағы ең жарқын туындылардың бірі – «Қыз Жібек» фильмі ұсынылды. Бұл фильм қазақ кино өнерінің алтын қорына енген классикалық туынды ретінде көпшілікке жақсы таныс.
Кинокөрсетілімнің ұйымдастырушысы — кинотанушы Камила Габдрашитова. Ол бұл кештің жоғары деңгейде өтуіне ерекше атсалысып, көрермендерге әсерлі атмосфера сыйлай білді.
Фильм көрсетілімінің алдында «Өнертану» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі, жазушы әрі сценарист Ұларбек Нұрғалым сөз сөйледі. Оқытушы фильмдегі ұлттық кодтың нәзік әрі терең көрініс табуы туралы айтып өтті. Бірнеше эпизод мысалында сарапшы режиссердің қазақтың бірегей дәстүрлерін қаншалықты жарқын ашып көрсеткенін атап өтті.
«Өнертану» кафедрасының атынан Ұларбек-аға Меруерт Қаратайқызын мерейтойымен құттықтап, оған ұзақ ғұмыр, педагогика мен шығармашылықта таусылмас шабыт тіледі.
Іс-шараға ұстаздар мен студенттер қатысып, ұлттық кино өнерінің жауһарын бірге тамашалады.
Фильм көрсетілімі барысында көрермендер қазақтың махаббат жырын бейнелейтін көркем дүниеге тағы бір мәрте үңіліп, актерлік шеберлік пен режиссерлік шешімдердің тереңдігін сезінді. Әсіресе, Меруерт Өтекешованың сомдаған Жібек бейнесі көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Көрсетілімнен кейін арнайы талқылау ұйымдастырылып, қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Оқытушылар фильмнің көркемдік ерекшеліктерін, тарихи маңызын және актерлік құрамның кәсіби деңгейін талқылады.
Кеш соңында мерейтой иесі, актриса Меруерт Өтекешова сөз сөйлеп, жиналған қауымға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде өнер жолындағы естеліктерімен бөлісіп, жас буынға ақыл-кеңесін айтты. Сонымен қатар, ұлттық киноның болашағына сенім білдіріп, жастарды өнерді қадірлеуге шақырды.
Осылайша, бұл кеш тек кинокөрсетілім ғана емес, қазақ кино өнеріне деген құрмет пен сабақтастықтың айқын көрінісіне айналды.
Умида Азахунова, Айсұлу Жайлыбаева , «Кинотану» мамандығының 1 курс студенттері, ҚазҰӨУ.
