Жаныңда  жүр жақсы адам

Бұл тақырыпта «тереңірек» жазбас  бұрын, «суретші деген кім?» деген сұраққа жауап іздеп көрдім. Суретші — қиялға еркіндік беретін жан. Суретші — біздің өмірімізге сұлулық сыйлайтын адам. Иә, қылқаламды серік еткен өнер иелеріне дәл осылай анықтама беріледі екен. Меніңше, суретші болу — күндіз-түні өз қиялыңмен күресу, өте аңғарымпаздық және әсершілдік, сондай-ақ, олар тыныштықты ерекше қалайтын жандар деп ойлаймын.

Жалпы, қазақ бейнелеу өнерінің тарихы тереңнен бастау алады. Ол — кескіндеме, мүсіндеме, графика, сән және қолданбалы өнер салаларын қамтитын, ұлттық дүниетанымға  негізделген өнер.

Ал қоюшы-суретші, кино суретшісі деген кім? Қоюшы-суретші-фильммен жұмыс істейтін шығармашылық топтың қатысушысы. Негізінде ол сценарийді (фильмнің әдеби негізін) бейнелеуге яғни шығарманың жобалау кескіндемесін көрнекті түрде жасайтын тұлға. Ол түрлі эскиздерді,экспликацияларды, декорациялардың, жиһаздардың сызбаларын жасайды, сметаны жасауға, толық емес түсірілімге арналған орындарды таңдауға көмектеседі. Фильм түсірілген кезде дубльдерді іріктеуге, фильмнің графикалық безендірілуін жасауға қатысады (титрлар, заставкалар және т.б.).

Өнерге қызықсаң, сен дәл сол әлемдесің. Туындыларында уақыт пен шынайы өмірдің өзара астасып жатқанын ұғынғандай боласың.

Бүгінгі біз қозғағалы отырған тақырып жүрек түкпіріндегі сырын сурет әлеміне сыйғызып, сол сурет арқылы өз сезімін көпшілікке ұсынатын өнер иесі туралы болмақ. Ол Қазақ Ұлттық өнер университеті, «Көркем өнер» факультеті, «Сценография және сәндік өнер» кафедрасының  аға оқытушысы, ҚР кинематографистер одағының мүшесі, қоюшы-суретші Иманберген Марат Рақышұлы.

Уақыт өткен сайын жарқырай түсетін, сан ғасырлар өтсе де өзінің мәні мен мағынасын ешқашан жоғалтпайтын шынайы құндылықтардың бірі бейнелеу өнері саналады.  Қайта сырғып өткен жылдар кейбір жұмыстардың  бағын ашып жатады. Ал, кейбірі бояуы кеппей жатып ыстық ықыласқа бөленіп, жайлы орнын тауып үлгереді. Яғни, мұнда уақыт рөл атқармайды. Демек, жақсы жұмыс әйтеуір бір күні  шынайы бағасын алады.

ҚР кинематографистер одағының мүшесі, қоюшы-суретші Иманберген Марат Рақышұлы 1963 жылдың 20 наурызында Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Сарыжаз ауылында  дүниеге келген. Ақиық ақын, Хантәңірі мұзбалағы  Мұқағали ағамыздың жерлесі.  

1982 жылы Н. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітірген соң,  Мәскеу қаласындағы С.А. Герасимов атындағы Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография Институтына жолдама алып, оқуға қабылданып, оны  1990 жылы тәмамдаған. Алдындағы аға буыннан және өзінің ізденімпаздығы арқасында  тәжірибе жинақтай жүріп, көптеген белгілі фильмдерде қоюшы-суретші қызметін атқарған.

Атап айтсақ, «Адамдар арасындағы бөлтірік», 1988 ж., Режиссері Т. Теменов, операторы Г. Гидт.  Фильм 1989 жылы Жюри сыйлығы мен Гиффони қаласындағы (Италия) ХБФ-де «Еуропалық үйдің символы» күміс медалін, Франкфурт-на-Майндағы (Германия) балалар мен жасөспірімдер фильмдеріне арналған шебер-сыныпта басты «Лукас» сыйлығын, 1990 жылы Жюридің арнайы сыйлығын алып, Лиссабонда (Португалия) өткен IFF-дегі «Үздік режиссерлік дебют үшін» номинациясына ие болған.

«Бегущая мишень» («Қызғыш құс»), «Қазақфильм»  1991 ж., Режиссёрі Т. Теменов, операторы  Б. Бақтыбеков.  Фильм 1992 жылы Туриндегі (Италия) IFF жастар кинофестивалінде арнайы сыйлыққа ие болған.

«Небольшое отступление», «Қазақфильм», 1991ж., Режиссері Г. Алдонгарова, операторы Г. Попов. Фильм 1993 жылы «Қазақ киносы бүгін» байқауында арнайы сыйлық пен «Үміт» дипломымен марапатталған. «Қайрат» фильмі, «Қазақфильм», 1992ж., Режиссері Д. Өмірбаев, операторы Ә.Сүлеев. Фильм 1992 жылы Ашхабадтағы ХБФ-де «Ең жақсы визуалды шешім үшін» қазылар алқасының жүлдесіне ие болған. Күміс барыс сыйлығы, Локарно қаласындағы IFF FIPRESCI сыйлығы (Италия),  Гран-при, Страсбургтағы IFF пресс-жүлдесі (Франция), Нанттағы (Франция) үш континенттегі IFF екінші сыйлығы (Франция),  1993 жылы  «Бүгінгі қазақ киносы» байқау-конкурсында диплом, «Үздік фильм стилі үшін» сыйлыққа ие болған.

«Саған күшік керек пе?», «Қазақфильм», 1994 ж., Режиссері Қ.  Қасымбеков, Операторы М. Тоқтабакиев. «Намыс» («Тауқымет»), 1994 ж., Режиссері  У.Колдауова, операторлар С.Койчуманов, Т.Тайшанов. «Сағыныш» («Күту»), 1997ж., «Элфильм», Режиссері У. Колдауова, операторы М. Умаров. «Астана қиылысы», 2015 ж., «Хабар» т/с, Режиссері Е.Шынарбаев.  Бұл телесериал алғаш рет елордадағы  жаңа KAZMEDIA орталығының павильонында түсірілген. Павильонның аумағы 650 шаршы метрді құрап, ол жерде бір уақытта 28 түрлі нысандар  салынған. Оның ішінде Антикафе, бірнеше пәтерлер, Кардиология институтының палаталары, атқарушы кеңселер, көркемсурет шеберханасы, фотостудия және тағы басқа нысандар дайындалып, барлығы 78 серия түсірілген.

«Алтын Ұя» фильмі, 2015ж. «Corich Production», «Қазақстан» т/с, Режиссері Е. Рүстембеков. Телехикаялар «Қазақстан» мемлекеттік арнасында көрсетілген. 16 сериядан тұрады.  «Үлкен қаланың кішкентай ханзадасы» («Бибол»), «Қазақфильм», 2015 ж., Режиссері  Т. Теменов, операторы Д.Якимчук.  Фильм Даккадағы (Бангладеш) IFF-де «Бадал Рахман атындағы ең жақсы балалар фильмі үшін» жүлдесін иеленген. Аталған фильмдердің барлығында ҚР кинематографистер одағының мүшесі, қоюшы-суретші Иманберген Марат Рақышұлы қоюшы-суретші қызметін атқарған.

Кез келген фильмнің эмоционалды құрылымы, сондай-ақ көрермендердің сенімі немесе сенімсіздігі суретшінің шеберлігіне байланысты болатыны анық. Қоюшы-суретші мамандығы көркемдік қабілеттерді, эмоционалдылықты, қоршаған әлемге, адамдар мен заттарға тән белгілерді байқай білуді талап етеді.  Сондықтан суретші үнемі кәсіби, шығармашылық дамуға дайын болуы керек. Декорациялар, реквизиттер, олардың белгілі бір ретпен бір жиынтықта орналасуы – осының бәрінен іс-әрекет өрістейтін заттық шындық қалыптасады. Суретші неғұрлым көп білсе, көп ізденсе, сол кезеңдегі заттар неғұрлым көп болса, ол жасаған әлем соғұрлым сенімді болады.  

Қазақстанда тұңғыш рет Қазақ Ұлттық өнер университетінде 2019-2020 оқу жылында көрнекті скрипкашы, ҚазССР Халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор  Айман Қожабекқызы Мусахаджаеваның тікелей қолдауымен  кино және теледидар суретшісі мамандығы ашылып, студенттер қабылданды. Оған дейін де белгілі театр және кинорежиссері, кинодраматург, өнертану профессоры, Қазақстанның халық әртісі Талғат Досымғалиұлы Теменов ағамыздың осы мамандық туралы және оның отандық киносаласына қажеттілігі туралы ой тастауы да үлкен себепші болған.  Осындай нәтижелі жұмыстардың негізінде сұранысқа ие болып,  осы мамандық бойынша алғашқы қабылданған түлектер білім алып жүр.   

Университеттегі арнайы кинопавильондарда студенттерге шебер-сыныптар, түсірілім жұмыстары жүргізіледі. Түрлі тақырыптағы дипломдық жұмыстардың кино сценарийлері бойынша декорациялар құрастырылады. Алыс-жақын шетелдік мамандармен онлайн сұқбаттар, шебер-сыныптар ұйымдастырылады. Өз ісінің үздік шебері, тәжірибесі мол ұстаз Марат Рақышұлынан  тәлім-тәрбие, білім алу кез келген мен суретші боламын, мен кино саласының үздік суретшісі боламын деген жастардың арманы деп ойлаймын. Өйткені мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, игеріп шығу үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

2021 жылы «Qazaqstan» ұлттық арнасының тапсырысымен  Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик, қазақтың заңғар тұлғасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы «Қаныш. Қазына» телехикаясының түсірілімі болды. Режиссёрі Е.М. Нұрмұхамбетов. Операторы А. Базылбек. Сценарийдің авторы А.Әменов, А. Рахметалиев. «Қаныш. Қазына» телехикаясының түсірілімінде болған жұмыс тобының барлығы дерлік Қазақ Ұлттық Өнер университетінің кино өнері бойынша оқытушылар құрамы, студенттері және түлектері болды.  Бұл жобада да Иманберген Марат Рақышұлы өзінің үш студентімен бірге қоюшы-суретші қызметін атқарды. Студенттер үшін баға жетпес тәжірибе алаңы болғаны сөзсіз. Ол туралы студенттердің де айтары көп.

Фариза Баққалиқызы.

Жаныңда  жүр жақсы адам

Pro Production

Пролистать наверх