Белгілі киносуретшісі Марат Рақышұлы Иманбергенмен болған сұхбат.
Құрметті Марат Рақышұлы! Қазіргі уақытта сіз Қазақ Ұлттық Университетінде киносуретші ретінде дәріс оқып, оқытушы қызметін атқарып жүрсіз. Бүгін біз сізбен сұқбаттассақ деп отырмыз. Сұқбатымыздың басында өзіңіздің туып-өскен өңіріңіз туралы айтып кетсеңіз.
Алатаудың бөктерінде, Тянь-Шань тауының бас жағында «Хан Тәңірі» деген шың бар. Сол шыңның астында Қарасаз деген ауыл бар, бұл жерде елімізге әйгілі ақиық ақын, Мұқағали Мақатаев дүниеге келген, елімізге белгілі талай қарлығаштар түлеп ұшқан қасиетті Қарасаз – менің туған жерім. Көзіме оттай ыстық көрінетін сол шағын ауылда, қарапайым педагогтар отбасында дүниеге келдім. Ата-анам өз ортасына сыйлы, еңбексүйгіш, жасымыздан еңбекке, тәртіпке баулыған, белгілі кәсіп иесі атануыма жол сілтеп, қолдау көрсеткен Ұстаздар. Сол жерде өсіп-өніп, 8-сыныпты (ол кезде 8-сыныпта негізгі орта білім болатын) тәмамдап, үлкен өмір жолына мәдениет пен өнердің астанасы Алматыға аттандым.
Осы орайда, сізге қойылар тағы бір сұрағымыздың реті келіп тұр, Сіз өзіңіз қай уақытта киносуретші болуға бел будыңыз?
Әрине, басында мен «киносуретші» деген қандай кәсіп иесі екенін білген жоқпын. 1978 жылы 8-сыныпты бітірген соң, Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы «Көркемсурет» училищесіне түстім. Онда 4 жыл дәріс алдым. 1982 жылы, оқу соңында Министрліктен адамдар келіп, біздің жұмыстарымызды қарап, әрқайсымызға оқуымызды жалғастыру мақсатында жолдама берді. Маған бұйырғаны Мәскеудегі Бүкілодақтың мемлекеттік кинематография институты (ВГИК) болды. Сонымен Мәскеуге барып, бағымды сынап көрдім, емтихандарды ойдағыдай тапсырып, сол жердің студенті атандым. Осы уақыттан бастап, киноның не екенін, ол жерде суретшінің жұмыс істейтінін, жалпы кинематография әлемімен таныс бола бастадым. Әрине, бұл өте қызықты мамандық. Сол кезден бастап менің кино әлеміне деген құштарлығым оянып, осы бағытта еңбек ете бастадым. Негізі, ол оқу орнында суретшілердің оқу мерзімінің ұзақтығы 6 жыл. Оқу оқып жүріп, Отан алдындағы борышымды өтеп, 2 жыл сонау Қиыршығыста әскер қатарында болдым. Жалпы, оқу мен әскер уақытын қосқанда, 8 жылдан кейін елге қайта оралдым. «Көркемсурет» училищесінде 4 жыл, ВГИК-те 6 жыл, сонымен осы мамандық жолында 10 жыл оқыдым.
Қоюшы суретшінің негізгі міндеті не?
Жалпылай айтып кетсем, қоюшы суретші деген өте жан-жақты адам болуы керек. Ата-бабаларымыздан қалған тарихты, асыл мұра салт-дәстүрімізді де жақсы білуі керек. Себебі өнер де, мәдениет те, барлығы біздің өткенімізде, түп-тамырымызда жатыр. Сол сезімдерді, ынтаны оятып, танытып, өркендетіп, асқақтату — осы мамандықтың ажырамас бөлігі. Әрине, көп оқу, көп нәрсені білу, адамдармен дұрыс сөйлесе білу өнерін меңгеру міндетті. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — жан-жақты, ізденімпаз адам болуы қажет.
Қоюшы суретшілерден кімдерді ұстаз ретінде, үлгі ретінде атап өтер едіңіз?
ВГИК-ке алғаш оқуға түскен кезімде, тәлімгерім болып, жол көрсетіп, біраз нәрселерді үйреткен, ең бірінші кездескен адам — «Абай», «Отырардың күйреуі» деген керемет фильмдер арқылы елімізде танымал белгілі суретші Өмірзақ Шманов ағамыз. Одан бері қарай келсек, ВГИК-дің түлегі, аңыз адамдар Ыдырыс Қарсақбаев, Сахи Романов ағаларымыз. Әйгілі туынды «Қыз Жібектің» суретшісі — Айша Ғалымбаева.
Владимир Трапезников және өзімізбен бір оқу орнын бітірген режиссер, әрі суретші — Сәбит Құрманбеков. Осы орайда, Ресейдің бір қатар киносуретшілері Сергей Февралев, Александр Гудков, Борис Аджиев, Елена Соловьева деген суретшілерін атамай кетуге болмайды.
Соңғы жасалынған жобалардан қайсысын атап өтер едіңіз?
Сиясы кеппеген әзірше жаңа болып тұрған біздің жобамыз Қазақтың Қанышы атанған бірегей тұлғаның өмір жолынан сыр шертетін 6 сериялы «Қаныш-қазына» телесериалы. Қаржы мәселесі мардымды болмағандығынан, өзіміз қажетті көп нәрсені ойлап тауып, біраз дүниені қолдан жасадық. Орджоникидзенің кабинетінен бастап, Кремльдегі атақты үлкен-үлкен кабинеттерді өзіміздің университет қабырғасында әзірледік. Бұл үлкен жобаға өзім жетекшілік ететін тобымдағы 3 курс студенттерінің арасынан үш студентті өзіме көмекші (ассистент) ретінде қатыстырдым. 3–4 ай бірге жүріп жұмыс атқардық.
Оның алдындағы жобамыз, 3–4 жыл бұрын Астанада Талғат Теменов ағамыздың түсірген «Бибол» картинасы. Оның алдында «Қазмедиа» орталығында Ермек Шынарбаевтың «Перекрёсток в Астане» (Астанадағы жол қиылысы) 73 сериялы телесериалын түсірдік. Бұл жобаның бір ерекшелігі Бір кино түсіру павильонының ішінде (көлемі 800 ш.м.) бізге 28 объектіні тұрғызуға тура келді. Жалпы еңбек жолымда біраз кинофильмдерге қатыстым, мысалы Дарижан Өмірбаевтың «Қайрат» фильмі, Қанымбек Қасымбектің «Саған күшік керек пе?», Ұлжан Қолдаудың «Намыс» фильмі. Ал ең алғашқы киноны ВГИК студенті болған кезімде Талғат Теменов ағамызбен «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс» фильмдерінен бастаған болатынмын.
Қазақ Ұлттық Өнер университетінде қай уақыттан бері оқытушы қызметін атқарып келесіз?
Менің ұстаз ретінде жұмыс істеп жатқаныма аз уақыт қана болды. Биыл 4-жыл. Алғаш рет Астанаға 2000 жылы қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде келдім. Көтеріліп жатқан нысандардың арқасында бізге де жұмыс көп болды. Жолдастарымның шақыруымен келіп, осы жерде сыртқы жарнамамен айналысатын фирмамды аштым. Полиграфия, безендіру жұмыстарын жасадық.
Уақыт өте келе 2019 жылы университетіміздің ректоры Айман Қожабекқызының ұсынысымен, «Кино және телевизия суретшісі» мамандығын аштық. Сол кезден бастап менің ұстаздық қызметім басталды. «Киносуретшісі» мамандығы біздің елде бұрын-соңды болмаған, ең жақыны Мәскеудегі ВГИК-те және Санкт-Петербургтегі СПМКиТИ болатын. Тарихымызда бұл мамандыққа оқытатын оқу орны болмағандықтан барлығын басынан, жаңадан бастауға тура келді. Оқу бағдарламасын жасап, сұрақтарын дайындап, оқудың үдерісін нөлден құрастырдық. Араға 4 жыл салып, жұмысымыздың алғашқы жемістерін де көріп жатырмыз, маңдайымызға біткен екі оқу студиямыз, яғни екі павильонымыз бар. Бұл павильондарды жабдықтау жұмыстарында «Қаныш — қазынаның» көп көмегі тиді. Сол жобаға арнайы жасалған заттардың көбі осында қалды. Сонымен құрал-жабдықтарымыз ақырындап жиналып жатыр. Алла жазса, алғашқы түлектерімізді 2023 жылы ұшыратын боламыз.
Болашақ студенттерді, яғни талапкерлерді оқуға қабылдау, іріктеу тәсілін айтып өтсеңіз? Киносуретші қандай қасиеттерімен ерекшеленеді?
Киносуретшісі жан-жақты, әр саладан хабары бар, қолынан дұрыс іс келетін, қиялы жүйрік, шыдамды, жұмысына тиянақты, ізденімпаз, өткен тарихты, мәдениетімізді білетін болуы керек. Алғашқы әңгімелесуге келгеннен бастап талапкердің білімділігіне, ой өрісінің тереңдігіне, өзін-өзі қалай көрсете білетініне, оқуға түсудегі мақсаты қандай — тек диплом алу ма, әлде одан әрі өсу ме, соған басты назар аударамыз. Ұсынған жұмыстарын қараймыз, талдаймыз, ойын тыңдаймыз, танысамыз. Киносуретші суретті жақсы сала білуі шарт. Сурет салудың техникалары мен неше түрлі материалдардың түрлерін жетік біліп, жұмыстары арқылы көрсете алуы тиіс.
Елімізде киносуретшісін дайындайтын қандай оқу орындары бар?
2019 жылы Айман Қожабекқызының қолдауымен Астана қаласында алғаш ашқан кезімізде, бізбен қатар өзімнің жақын жолдасым, Сәбит Құрманбеков Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы университетте осы мамандықты ашты. Оқу бағдарламасын бірге ақылдаса отырып, әзірледік. Қазіргі уақытта біздің мамандық «Көркемөнер» факультетінің «Сценография және сәндік өнер» кафедрасында оқытылады.
Ал шет елдерден қай кино мектебін атап өтер едіңіз?
Шет елдерде өзіміз оқыған Бүкіл Одақтық Мемлекеттік Кинематография институты, оның жанында екінші үлкен қала Санкт-Петербургтегі СПМКиТИ-да осы театр мен киноға арналған үлкен мектеп бар. Одан әрі қарай кетсек, Нью-Йорк Фильм академиясы. Жалпы әр елдің өзінің осы салада үлкен мектептері бар, мысалы Чехияда, Польшада, Венгрияда, әр жерде өздерінің жоғары мектептері бар.
Сіздерде киносуретші мамандығы бойынша оқу процесі қалай өтеді?
Біздің кезімізде бұл мамандыққа 6 жыл оқыған болатынбыз, ал қазіргі оқу мерзімі — 4 жылды құрайды. Әрине, бұл өте аз, сондықтан біз практика мен теорияны бірге қоса ала жүруге тырысамыз. Бұл процесте бізге оқу студиямыздың көмегі өте зор. Балалар осы жерде өз қолдарымен декорацияны құрып, безендіру жұмыстарын жасап, бірінші курстан бастап операторлар, режиссерлермен бірге өте тығыз байланыста бірлесіп жұмыс істейді. Бұның барлығы практика ғой. Ауылдағы жер үстелден бастап, неше түрлі космос корабльіне дейін жасадық.
Жас суретшілерге, әсіресе кино саласының суретшілеріне қандай ақыл- кеңес берер едіңіз?
Ең бірінші, өзіміздің тарихымызды, шыққан түп-тамырымызды жақсы білуі керек, мәдениетті терең таныған болу керек. Өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыруы тиіс. Сондықтан өзінің тілін жақсы білуі керек, өйткені бізге көп дүниені алыстан іздеудің қажеті, жоқ, барлығы табанымыздың астында, ата-бабаларымыз тастап кеткен мұраларда, халықтың ішінде. Біздің тарихымыз да, салт дәстүріміз де, өнеріміз де өте терең және өте бай. Соның барлығын дәріптеп, оқып, білуге тырысу қажет. Бір ғана тіл емес, бірнеше тілді білген тіпті жақсы болады, өткені адамдармен сөйлесесіз, неше түрлі мағлұматтар аласыз. Кітаптар оқисыз. Өкінішке орай, бізде кино жайында ауыз толтырып айтатындай әдебиет жоқ, сондықтан басқа тілдегі әдебиеттерді іздеп, кітапханаларға барып, жұмыс істеп үйрену маңызды. Киноларды көп қарап, оны талдай білу және өз ойларын, пікірлерін, көзқарастарын жеткізе білуі керек. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты, сегіз қырлы, бір сырлы болу тиіс. Онсыз бұл мамандықты алып жүру оңай болмасы анық.
Марат Рақышұлы, осындай сүбелі сұқбатыңызға үлкен рахмет!
Сұқбаттасқан: Талгат Тайшанов, Сандугаш Аканова.