Назира Мұқышева: «Ол – 2021 жылдан бастап шығып жүрген «Жас өнер» атты кино өнері мен кинопедагогикаға арналған журнал»

Журналдың әрбір саны отандық және шетелдік киноөндірісі, аға, орта, жас буын кинематографистердің шығармашылығы туралы ақпараттар мүмкіндігінше қамтылып, жарияланып келеді.

Назира Рахманқызы Мұқышева, Қазақ Ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, өнертану кандидаты, кинотанушы:

«Кино туралы арнайы басылымның болуы өте маңызды. Бізде ондай басылымдар болмады емес, болды. Кеңес заманында «Жаңа фильм»/«Новый фильм», 1990 жылдары «Азия киносы»/«Кино Азии», одан кейінгі жылдары «Киноман», «Кино алаңы»/«Территория кино» деген журналдардың шыққаны есімізде. Осылардың ішінен «Киноман» ғана төрт-бес жыл тұрақты шығып тұрды. Өзгелерінің ғұмыры, өкінішке қарай, ұзаққа созылмады. Араға бірнеше жылдар салып, руханият әлемінде киноға арналған тағы бір басылым пайда болды. Ол – 2021 жылдан бастап шығып жүрген «Жас өнер» (басында «Жас толқын» деп аталды) атты кино өнері мен кинопедагогикаға арналған журнал. Әзірге төрт саны шықты, бесіншісін әне-міне дегенше қолымызға алғалы отырмыз.

Журналдың әрбір саны отандық және шетелдік киноөндірісі, аға, орта, жас буын кинематографистердің шығармашылығы туралы ақпараттар мүмкіндігінше қамтылып, жарияланып келеді. Журналдың дүниеге келуіне ұйытқы болған әрі редакциялық кеңестің төрағасы Талғат Тайшанов пен бас редакторы Ирина Мусиян әрбір материалдың қызықты әрі оқылымды болуына атсалысып жүр.

Журналдың тек қағаз нұсқасы ғана емес, эдектрондық нұсқасы, кино туралы жаңалықтар ұсынып отыратын арнайы видеоблогы да бар. Бұл видеоблогта кинорежиссерлер, операторлар, дыбыс режиссерлері, кино суретшілері, дубляж мамандары, киносыншылармен, жалпы кино мамандарымен жүргізілетін сұхбаттар ұсынылып отырады (сұхбат алушы – кино операторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Талғат Тайшанов). Бұл сұхбаттардың тағы бір ұтымды тұсы – олардың жазба нұсқасы журналға да жарияланатын болады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы кино мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындары, студенттер түсіріп жүрген жаңа фильмдер туралы мәліметтер беріліп, жас кинотанушылардың мақалалары жарияланып тұрады. Журнал осылайша жас кинорежиссерлер, кинотанушылар, операторлар, т.б. үшін маңызды тәжірибелік алаңға айналып отыр.

Жақында «Жас өнер» журналының жоғарыда аталған видеоблогы үшін сұхбат беру мүмкіндігі туды. Сұхбатта қазақ кәсіби кинотану мектебінің негізін қалаушы, белгілі кинотанушы, профессор, Ұстазым Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына тоқталдық. Сонымен бірге, бүгінгі отандық киноға қатысты біраз мәселені де қозғадық, «Жас өнер» журналының жолы даңғыл, ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз!»

Facebook, 03.03.2023 ж..

Назира Мұқышева: «Ол – 2021 жылдан бастап шығып жүрген «Жас өнер» атты кино өнері мен кинопедагогикаға арналған журнал»

Pro Production

Пролистать наверх