Сатыбалды Нарымбетов: «Көп өкінішімнің бірі – «Барымта»

Біртуар тұлғаның соңғы сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Шеберді өлімге қимасақ та, дер кезінде бір жылы естелік-әңгімені алтын қорға жазып алып қалғанымызға қуанамыз. 

Аға, алдымен мерейтойыңыз құтты болсын! Қазаққа мұра болатындай қаншама кино түсіріп бердіңіз. Шведтің атақты кино және театр режиссері, сценарист Ингмар Бергман 75 жасында «Сарабанда» деген фильм түсірген. Ендігі арман-мұратыңыз не?

— Былтыр бастап қойған бір дүние бар. Ол – Адольф Янушкевичтің өмірі туралы өзінің күнделігі негізінде түсіріліп жатқан фильм.  Бір-екі эпизодын түсіріп те қойғанбыз. Мына карантин басталып, тоқтап тұр.  Былтыр поляк еліне барып, Янушкевичтің рөлін сомдайтын актерді таңдап, бекітіп те келгенбіз.

Поляктың рөліне полякты ойнатайын деп отырсыз ғой, демек? Оны сұрап отырғаным, Мұстафа Шоқайдың рөліне сіз қырғыз актерін түсіріп едіңіз.

— Қырғыз бен қазақ бір туған ғой.

Өзіміздің қазақтың ішінен түр-келбеті, рухы сай келетін білеу табылмады ма?

— Апырай, Жадыра, мен Мұстафа шыққалы осы сұраққа мың тоқсан сегіз рет жауап бердім.

Өз аузыңыздан естіген бір бөлек қой.

— Қырық шақты актерді сараптаудан өткіздік. Оны қалды, жетеуі қалды, соңында бесеуі қалды сұрыпталып. Сосын жасырын дауыспен «Қазақфильмнің» көркемдік кеңесі Әзиз Бейсеналиевке тоқтады. «Қырғыз-қазақ» деп неге бөле береміз. Кезінде Жантурин ағамыз, Ықтымбаев , Ыдырыс Қарсақбаевтар түсіп жүрді ғой. Димаш Ахметов, Меңтай Өтепбергенов, Санжар Мәди басқа елдердің киносына араласып кетті. Мұстафа – түркі халықтарына ортақ асыл азамат. Ол «Бүкіл түркітілдес ел бір тудың астында бас қосып, біріксе, қамданса екен» деп жаһандануды өткен ғасыр басында-ақ сезген. Қазір Ердоғаннан бастап осыны айтып жүр ғой.

«Түркі халықтары бірігіңдер» деген ой сол уақытта-ақ Мұстафадан бастау алған дейсіз ғой?

— Мұстафа Шоқайдың арманы содан басталған.

Ауылдан шыққан қазақсыз. Қазақтың ауыз әдебиеті, жыр-дастандарын кішкентайыңыздан бойыңызға сіңіріп өстіңіз. Батырлар жырын оқығанда көз алдыңызға елестетіп, режиссерлығыңыздың ұшқынын сол уақытта байқадыңыз ба?

— Елестетуін елестеттік, бірақ режиссер дегеннің не екенін білмейтінбіз /күледі/. Бала күнімде батырлар жырының қатарынан 7-8 кітабы шықты. Әке-шешем сол кітаптарды маған дауыстатып оқытатын. Біразын жаттап та алғанмын кезінде.

Сатыбалды-аға, киноның бағын ашатын сценарий ме, әлде актер ме?

— Сценарий, актер, режиссер және оператор барлығы қосылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еңбек еткенде ғана толық дүние шығады.

Қазақта «аттың сынын тану, адам тану» деген ұғым бар. Адамтану ілімін игергендейсіз. Фильмнің идеясы ойыңызға келгенде не сценарий жазып отырғанда актерімен бірге елестетесіз бе?

— Кейбір фильмдерімнің сценарийін жазғанда елестетіп отырдым. «Мұстафа Шоқай» мен «Аманатта» ондай болған жоқ. Тек «Дулағаны қай жеріне қоссам екен?» деп ойладым. Ол – бойтұмар. Ол үндемей отырып-ақ көзбенен бір сағат көрерменді ұстай алады. Көзімен-ақ!

Визуалды туындыда басты рөл атқаратын көз ғой?!

— Әлбетте. Мен актерлерді таңдағанда көзіне қараймын. Мұрат Әуезов «мына сөзің жақсы екен, жазып алып қояйыншы» деп мақтағаны бар. «Мен адамның көзінен жүрек іздеймін, жүрегінен көз іздеймін» деген – менің ұраным.

Жүрегі мен көзі арқылы сіздің жүреккөзіңізді жаулаған актер – Дулыға Ақмолда. Тағы кім бар бұл тізімде?

— Шеттерінен айтып берейін: Берік Айтжанов, Нартай Сауданбекұлы, Ернар. Қазақстандағы театрларда керемет актерлер жүр. Олардың барлығын фильмге түсіру үшін, үш-төрт ғұмыр керек /күлді/. Ал дүние жүзіне танылған «артистическая натура» дейді ғой,  «тұла бойы тұнған өнер халық – грузиндер, италияндықтар мен испандықтар» деп,  көбіне біз қазақты ұмытып кете береміз. Мысалы, Янушкевич бірде айтысқа, қыз ұзату тойына қатысып, өзінің күнделігінде анасына, достарына «Қазақ халқының тұла бойы тұнған өнер. Бұл – аспан астындағы театр» деп жазады. Сондықтан біз театрмен мақтануымыз керек. Асанәліден бастап, Дулыға қостап, Дулығаның артынан да бір буын шықты. Астанадағы жастар театры мен  Қалибек Қуанышбаев атындағы театрларда Қуандық, Ержан деген жігіттер келе жатыр. Актерге кенде емеспіз. Оларды қамтамасыз ету керек. Ол үшін фильм саны арту керек. Америка 1935 жылдардан бастап, Гитлер 1939 жылдан бастап жұртты экранмен, музыкамен-ақ бағындырып алуға болатынын білген. Мысалы, біздің кіп-кішкентай Димаш қазақ деген ұлттың барын, тілін, өнерін дүние жүзіне насихаттап жүр ғой. Біз – өнерлі халықпыз. Бізге Алла уақыт берсін. Фильмдер көбейсін. Ұлттық идеологиямызды ұмытпай, соғыс емес, өнерімізбен, қайсарлық, өжеттігімізбен, әнімізбен жаулауымыз керек елді.

Ұлттық идеологияны жақсы айттыңыз. Қазаққа ғана тән ым-ишара, сөз тіркесі, символдар бар. Фильм арқылы «мынау қазақтың фильмі» деп ұлтты ұлттық нышандар арқылы тануға болады. Бірақ кейінгі фильмдерде осы қазақылықтың исі анық байқалмайды. Неге?

— Көпке топырақ шашпайық. Он шақты жігіт бар. Аттарын айтпаймын. Біреуінің атын ұмытып қалсам, ренжиді. Өйткені мен солармен мақтанамын, масаттанамын. Шетелден бәйге алып келіп жатқандар бар. Қазақтың исі аңқып тұратыны қаншама. Қай фильм екенін де айтпаймын. Тағы өкпелейді. Өкпешілміз ғой.

Аға, қазіргі балалар Голливудтың киноларымен өсіп жатыр депсіз…

— «Әй, папа» деп саусағын шошайтады. Қазақ ешқашан «әй» демейді, саусағын шошайтпайды. Идеолгияны ұмытпауымыз керек. Жапондардың тіпті детектив жанрындағы фильмдерінде ұлттық нақышы анық көрсетілген. Олардың бізге ұқсас түстары көп. Мысалы, үйге кіре берісте аяқкиімін, кебісін шешіп кіреді. Балаларға арналған фильм көп болу керек. Голливуд деген бізге індет боп кіріп келеді, короновирустан да жаман.

Атақты Ресейде ВГИК-те, Госкиноның сценаристер мен режиссерлер дайындайтын Жоғарғы курсында оқыдыңыз. Басқа да сценаристерді фильмдеріңізге тартасыз. Әкім аға, Ермек Тұрсынов, Сергей Бодровпен де жұмыс істедіңіз. Қасыңызға сценаристі со-авторлыққа қалай таңдайсыз?

— «Барымта»  деген жазушы Қалихан Ысқақ,  Әкім аға үшеуіміз бірге жазған туындының бағы ашылмай, тартпамда жатыр. Кітабыма да, «Жұлдыз» журналына да шықты. Кезінде қаржы бөлінбей қалып қойды. Көп өкініштің бірі – сол. Жалпы со-авторлыққа тақырыпты жетік білуіне байланысты таңдаймын.

«FILMFAN» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Жадыра Жұмакүлбай.

Сатыбалды Нарымбетов: «Көп өкінішімнің бірі – «Барымта»

Pro Production

Пролистать наверх