Ұстаздық — сананы басқару билігі

Өнер саласындағы білім беру жүйесі өзгеше қарым-қатынасты талап етеді. Шығармашылық тұлға қалыптастыру жауапты іс. Себебі, кез келген мемлекеттің өркениеттілік деңгейіне көтерілуі, тікелей рухани әлемге, әлеуметтің ішкі мәдениетіне байланысты.

Осы тақырыптың төңірегінде өнер саласындағы тәжірибелі ұстаз, киносыншы, Өнертану PhD докторы, «Тұран» университетінің профессоры Гүлзат КӨБЕК ханыммен сұқбаттасқан едік.

Білім беру саласында өзгеріс көп. Тәжірибелі маман ретінде бүгінгі ұстаздар қандай талаптарға сай болуы керек деп ойлайсыз?

Білім беру емес, «білім алу» процесінде өзгеріс көп деп айтар едім. Бүгінгі жастар тым еркін. Ойлау жүйесі бөлек. Қысымды қаламайды. Өктемдік жүргізетін ұстаздар трендтен қалады деп есептеймін. Шәкірттердің назарын біліміңнің масштабымен ғана ұстайсың.

Қазір барлық ақпарат қолжетімді. Бұл құбылыс — бүгінгі шәкірттердің өздігінен білім алуына жол ашты. Ұстаздар тек қызығушылығын оятатын, бағдарламаларды бекітетін, нәтижесін бақылайтын күшке ғана айналды.

Келешекте енді ұстаздарға тақырыптық дәріс оқумен шектелу де аздық етеді. Ұстаздық — сананы басқару билігі. Демек, ұстаз – арнайы пән маманы, психолог қана емес, масштабты идеолог та болуы керек. Қоғамдық сананы өзгертудің барлық тетігі — негізі ұстаздың қолында. Оның шеберлігінде. Білімінде.  

Бүгінгі заманда «қандай адамдар ұстаз болып жүр?» деген мәселе өте өзекті деп санаймын. 

Онлайн форматта білім беру, сіз айтып отырған шәкірттердің өздігінен үйренуге дағдылану процесі өнер саласына мамандар даярлайтын оқу орындарына жарамды ма?   

Шығармашылық адамдар еркіндік иелері. Керісінше, оларға қысым жасау жарамайды. Онлайн формат олардың білім алуына кедергілер жасады деп айта алмаймын. Керісінше, жеке ізденуіне мүмкіндік жасады деп есептеймін. Жеке шығармашылықтарын жетілдіруіне бос уақыттары көп болады.  

Ең басты кедергі, өнер саласындағы бағдарламалардың виртуалды жабдықтары жасалмаған. Дәрістер видео форматта жүктелгені, тіпті, актерлар мен бишілердің жаттығуларына дейін қамтылғаны дұрыс. Біз келешек осы жүйеге келеміз. Қабілетті, талантты адамға оқу орны мамандық алудың құралына ғана айналады.

Білім саласында жүріп жатқан осындай көзге көрінбейтін құбылыстар үлкен тоқырауларға әкелмейді ме? Мысалы, сауатсыздыққа…

Кез келген тоқыраудың артында жаңа белес тұрады. Бұл құбылыстарды жаңа жүйеге өту алдындағы қобалжулар деп қана есептеймін. Әр заманда өмір сүретін қоғамның өз ережелері болады. Бүгінгі білім саласында жүріп жатқан өзгерістер де жаңа қажеттіліктерден туындаған процесс.

Табиғи процесс басталып кеткенде, оны тоқтату мүмкін емес. Бүкіл әлем осы ритмде. Бұл біздің ортақ қалауымыз. Білім алу процесінде де «тәуелсіздік» алу. Жеке құқыңның талаптарын қою. Бір ғана ұстаздың қойған бағасына тәуелді болмау. Өзіңнің құныңды, масштабыңды өзің әділ бағалау. Демек, сауатты және сауатсыз болуға да таңдауды өзің жасайсың.

Бір ғана ұстаздың берген білімінің масштабымен шектелмеу. Әрбірден соң, бір ғана мамандықпен де шектелмеу. Бүгінгі нарық заманының талаптары қатаң. Жан-жақты болмасаң, қажетсіз болып қаласың.

Қажетсіздіктен жеке тұлғаның құны жойылады. Бұл — шындық.

«Қажетсіздік» дегеннен туады… Бүгінгі заманда көптеген мамандықтар да өзекті болмай қалды ғой. Өнер саласында қандай мамандықтар құндылығын жойып жатыр?

Нарық адамдарды да мамандарды да есеңгіретіп тастады. Еркін бәсеке алаңына лақтыра салды да, әркімнің өмір сүруге қабілеттілік күшін бақылады. Осы процестерден біз не ой түйдік?!

Актерлардың перспективасына күмәнмен қараймын. Кинодағы рөлге көшеден де табиғи дарынды адамдар табылады. Тик-токтың өзі тұнып тұрған әртүрлі деңгейлі әртістер алаңы. Кастинг жаса да таңдай бер.

Журналистерге – блогерлер, телеарналарға — ютуб, газеттерге — сайтар ашық бәсекеге түсіп жатқанда, көзді жұмып, шындықты мойындамау дұрыс емес. Иллюзия қумау керек.

Жұмыссыздық — бүгінгі таңда үлкен мәселе. Мамандық табыс табудың құралы. Егер мамандығыңа өндірісте сұраныс болмаса, ол салаға жыл сайын талапкерлер қабылдай берудің қажеттілігі бар ма?!

Кез келген маман алған мамандығымен өндірісте жұмыспен қамтылуы керек. Бұл маңызды.

Кино өнері саласындағы режиссура, драматург-сценарист, операторлық өнер, продюсер мамандықтарына деген сұраныс қалай?

XXI ғасыр — визуальды өнердің дәуірі. Барлық саланың жұмысы экран өнерімен байланысты. Жер шарындағы цифрлық қарым-қатынас тікелей экранға тәуелді заманда өмір сүріп жатырмыз. Онлайн форматқа өткенде, барлық шаруа смартфонның экраны арқылы шешілді.

Операторлық өнер сөзсіз бағаланады. Олардың бір ғана ракурсының құны көп нәрсе шешеді. Режиссерлік мамандардың «миы» қымбат «идеялар» тудыруға қабілетті болса, олар алып саяси істердің нәзік тетіктерін басқара алады.

Драматургтердің қаламы — егер өздерінің қауқарын дұрыс түсінсе, «атом ядросынан» кем емес. Продюсерлерсіз енді артық қадам жасаудың қажеттілігі жоқ. Олар бүкіл процесті басқарады. Қазір әр жобаңның жетістігі іскер продюсерге байланысты.

Өзіңіз қызмет жасайтын «Тұран» университетінде кино саласына мамандар даярлайтын факультеттің атауы «Turan Film Academy»  болып қайта құрылды.  Бұл да білім беру жүйесінде жүріп жатқан өзгерістерге қатысы бар ма?

Білім беру деңгейінің сапасына тікелей ықпал жасайды деп есептеймін. Бүгінгі уақытта халықаралық қарым-қатынастар маңызды болып табылады. Оның үстіне отандық кино өнері әлемдік процеспен етене байланыста дамуы қажет.

Біз жаһанданудың жаңалықтарын назарда ұстаймыз. Біздің ұжымға жиналған мамандардың көпшілігі әртүрлі шет мемлекеттерден тәжірибе алмасқан білікті мамандар. Оқытатын бағдарламалары заманауи көрсеткішке ие. Ұстаздардың ұстанымдары да саясаты да бөлек.

Біздің даярлап шығарған мамандарымыздың идеясы келешекте халықаралық масштабта жетекші рөлге ие болғаны маңызды. Дамудың бағытын өзгертудің тетігін басқарса дейміз. Өнердің тілін, табиғатын, кілтін — жер шарындағы адамзаттың игілігі жолында сапалы  қолданғанын қалаймыз. Бізге әр жеке маманның ықпалды күшке айналуы маңызды. Басты миссиясын толық дұрыс түсінбей, диплом бермейміз.

Киносыншы маманы ретінде Тәуелсіз Қазақстанның отандық киноөндірісінің 30 жылдық тәжірибесіне қандай баға бересіз?

 Отыз жыл көлемінде аз дүние түсірілген жоқ. Фильмдер бар. Біраз тақырып та қамтылды. Бірақ, ойланатын да мәселе жоқ емес. Ғылыми —  көпшілік бағыт пен деректі кино саласы ақсап тұр. Анимация саласы балалар аудиториясының дәл бүгінгі сұранысына сай заманауи өнімдер ұсынып отыр ма?!  Балалар киносы неге үнсіз?!

Авторлық фильмдерде даму бар. Халықаралық кинофестивальдерден жүлде алып та жатыр. Бірақ, идеялары қандай? Өз мүддемізге қарсы бағытта жұмыс істеп жатқан жоқ па?! Бұл да ойланатын мәселе.

Коммерциялық фильмдер аз. Көркемдік сапасы мен мазмұны да терең емес. Халықаралық прокатты «жарған» өніміміз бар ма?!

Авторлық кино мен коммерциялық бағыт күштерін біріктірсе, аудиторияға сапалы өнімдер ұсынудың мүмкіндігі болады. Авторлық фильмдер прокатта көрермен жинамайды. Көрермен көрмесе, насихат жүрмесе, бұл да ойланатын мәселе.

Әсел Алмаз.

Ұстаздық — сананы басқару билігі

Pro Production

Пролистать наверх