2019 жылы қазақ кино өнері үшін үлкен жаңалық болып, «Пусан» халықаралық кинофестивальі Ерлан Нұрмұхамбетов пен Лиза Такебаның «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмімен ашылған болатын.
Араға екі жыл салып, «Барымташылар…» фильмі Қазақстан кинотеарларына жол тартты. Осыған дейін режиссёр Ерлан Нұрмұхамбетовтің (идея авторы) Q&A секциясында айтқан жауаптарына сүйенсек, бұл оқиғаның негізіне газеттен оқыған жылқышылардың қайғылы оқиғасы арқау болған. Осы оқиғаны Ерлан Нұрмұхамбетов өзінше әрі қарай өрбітеді.
Оқиға жасөспірім Олжастың өмірімен баяндалады. Олжас үйдің үлкені. Жанында үлгі тұтар әкесі, көп сөзге келмей іштен тынатын анасы, сүйкімді қарындастары, мейірімді ауыл тұрғындары, бірге ойнап, «бұзықтық» жасайтын достары бар. Ауылы Алатаудың бөктерінде. Көшпелі өмірді сезініп жүрген бала. Нағыз бақытты балалық шақ дерсің. Фильмнің экпозициясы осылай беріледі.
Әкесі Оңдасын арагідік базарға жылқы сатуға барады. Анасы Айүл балаларын алып, ауыл әйелдерімен қызанақ теруге барады. Базарда құжынаған адамдар: біреуі ірі қараны, екіншісі төрт түлік, ендібірі қоян, тауық, мысық сатып жүр. Қарапайым халықтың күндегі өмірі сауда жасаумен өтеді. Сатып алушылар келгенде ақшаны санап алатын Оңдасын. Қызанақ теруге келген балалар мен әйелдер ыстықтан қорғанып, барынша бүркеніп алған. Соңғы жылдары тек жауларымен соғысатын, ұлы қазақтарды көріп үйренгеннен кейін қарапайым жұмысшы қазақты көру қуаныш сыйлайтынын кім білген. Ерлан Нұрмұхамбетов қазақ өміріне жақын болғысы келетінін оңай аңғарасың.
Оңдасын және жолдастары келеңсіз жәйтқа тап болғанда, сценарийде Қайраттың оқиғасы екінші линия болып бірге дамып отырады. Бірнеше жылдан кейін Айгүлді іздеген Қайрат уақытында келіп, Олжас секілді барлық жайды бақылап жүреді.
Фильмнің «Барымташылар» деп аталуы Қайрат пен Олжастың Оңдасын үшін кек алуымен байланысты. Олжас шын мәнінде Оңдасынның ұлы болмаса да, Қайрат «әкем» деп тұрған Олжас үшін қылмыскерлерден кек алады. Осы кек алу сахнасы дархан далада орын алады. Фильмнің шарықтау шегіне дәл келген бұл сахна америкалық вестерн фильмдерін қайта көргендей әсер қалдырады. Бірақ, режиссер атыс-шабыспен бірге ирония қосады. Қылмыскерлер жазаланды. Қарымта қайтты. «Барымташы» сөзі қолданыстан шығып бара жатқан қазақилықты, ескілікті қайта жаңғыртқандай.
Режиссер Нұрмұхамбетовтің бойындағы ұлттық кодты табиғатпен байланыс жасауынан да аңғаруға болады. Бұл фильмде «табиғат фон ретінде емес, драматургиялық қызмет атқаратын элемент ретінде бой көрсетеді». Тиісінше, 1960-1970 жылдарда қарқынды дамыған қазақ киносындағы қолданылған архетипті кездестіреміз. Тау архетипі, су архетипі, ағаш, жан-жануар секілді тірі ағзалардың жиі қолданылуы сөзімізге дәлел. Тау мен Дала – шындық орын алатын жер болса, су – тазару, жаңару мағынасында. Ағаш пен жел – үнемі тұрақсыздықты, алаңдаушылықты білдіреді. Тиісінше, көрерменге кейіпкердің ішкі сезімін жеткізуді таптырмас құрал. Олжас әкесінің өлігін көрген кезде далаға жүгіріп шығатын сахна А.Әмірқұловтың «Абай» фильміндегі бала Абай әкесі Құнанбай Қодар мен Қамқаны дарға асатын сахнамен ұқсас. Барлық архетиптер бастапқы қолданылған мағынада берілсе, Су трансформацияға ұшырайды. Алғашында бұл Олжастың ойнап алысатын, қызық көретін жері болса, кейін анасы екеуінің мұң шағатын мекеніне айналады. Осы тұрғыдан Эмир Байгазиннің «Өзен» фильміне символдық-мазмұндық жағынан ұқсас.
Қазақ халқына, түркі әлеміне тән бұл символдық ұқсастықтар Ерлан Нұрмұхамбетовтің кинотіліндегі қолтаңбасын жоққа шығармайды. Алдыңғы «Жаңғақ тал» фильміндегі секілді жартылай құмды жерді түсіру тәсілі, халықтың шынайы көрінісі, эмоциясын жасыруға тырысатын кейіпкерлер, балалар энергетикасы сақталған. Фильм драматургиясына авторлар аса үлкен мән беретін болғандықтан режиссердің қисынсыз деген жерлері кездеспейді. Дегенмен, сценарийде әр іс-әрекетті ақтап алғысы келгендіктен, біркелкілік байқалмайды. Кей сахналарды логикалық шешімі болуы үшін әдейі қойғандай.
Әкенің, отбасының рөлін бала үшін қаншалықты маңызды екенін айтқаннан бұрын, ең алдымен адамның адамгершілік қасиетін сақтап қалу маңызды екенін ұғындырған фильм қазақ кино өнерінде өзіндік орны бар туындыға айналады деп сенемін.
Еңлік Егеубаева, кинотанушы.